Photo Valeriy BUGAYEV

Облыс аумағында көктемгі су тасқынынан ең көп зардап шеккен елді мекен – Ақтоғай ауылындағы Жалаулы ауылы. Мұндағы су басқан кейбір үйлерді қалпына келтіруге келгенмен, бес баспана тұруға мүлдем жарамайды. Бұрнағы күні олардың орнына жаңа баспаналар салу жұмыстары басталды. 

Бұрнағы күні облыс әкімі Асайын Байханов Ақтоғай ауданына қарасты Жалаулы ауылындағы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Облыс бойынша ең қауіпті жағдай аталмыш елді мекенде орын алып, жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланған болатын. Қысқа мерзімде атқарылған ауқымды жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңда Жалаулының «жалауы» қайта тіктеліп, халықты тіршілікпен қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдар қалпына келтірілуде. Сондай-ақ, апатты деп танылған тұрғын үйлердің орнына жаңа бес баспана бой көтермек.

Ақтоғай ауданына сапары барысында облыс әкімі Асайын Байханов Жалаулы ауылындағы су тасқынының жағдайымен танысып, «тілсіз жаудан» зардап шеккен жергілікті тұрғындармен кездесті. Аймақ басшысы олардың бірде-бірі назардан тыс қалмайтынын айтып, арнайы комиссияның қорытындысы бойынша жөндеуге жататын үйлердің барлығы қалыпқа келтіріліп, мүлде бұзылғандарына жаңадан тұрғын-жайлар берілетінін жеткізді. Бүгінгі күні аталған ауданда арнайы комиссия құрылып, келтірілген шығынды есептеу үшін тәуелсіз сараптамалық топ жұмысқа кіріскен. Бүлінген дүние-мүліктің құны есептеліп, тұрғындардың жеке шоттарына қаржы аударылды. Айта кетейік, зардап шеккен облыс тұрғындарына 100 АЕК мөлшерінде біржолғы мемлекеттік әлеуметтік төлем төленетін болады.

Облыс орталығынан шалғай жатқан аталған елді мекенде қазір су тасқыны деңгейінің төмендеуі байқалады. Бүгінгі таңда мұнда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтсақ, жасанды су жинау, құм төсеу және су айдау жұмыс-тары жалғасуда. Құрылыс компаниясының өкілдері ауыл ақсақалдарымен бірге жаңа үйлердің салынатын жерін таңдап, алғашқы іргетастың орнын қазып та үлгерді. Осылайша қазіргі уақытта Жалаулы ауылының тұрғындарына алғашқы қажетті көмектің барлығы көрсетілуде. Ауылдық округке қарасты барлық елді мекенге қолда бар арнайы техника мен төтеншеліктер жасағы жұмылдырылып, су басқан үйлерге инерттік материалдар әкелініп, мүлік пен мал шығару үшін қажетті көмектер көрсетілген. Сондай-ақ, ауылда бөгет, жолдар мен тоғандарды бекіту бойынша орасан жұмыстар атқарылуда.

Аймақ басшысы жыл сайын су тасқынынан зардап шегетін Жалаулы ауылында кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, ойпаң жерде орналасқан ауылдың аталмыш мәселесінің алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Шілде айының соңына дейін ауылда 6 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеті салынып, көлемі 200 мың шаршы метр болатын еріген суларды жинауға арналған 3 қазаншұңқыр қазылады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өңірде су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетілуде және жедел түрде келтірілген залал өтелуде. Қазіргі күні су басқан үйлерді қалыпқа келтіру, кеткен шығын көлемін анықтау мақсатында арнайы комиссия жұмыс жасап жатыр. Аталған комиссия су басқан үйлерді, аулаларды қарап, тексереді. Соның нәтижесінде судан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Бүгінгі таңда облыс бойынша су тасқыны кезінде мүлкіне әртүрлі дәрежеде зиян келген 80 отбасыға бюджеттен тыс демеушілік қаражат есебінен жалпы сомасы 86,2 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді. Шығындарды ERG тобы өз мойнына алды. Сондай-ақ, комиссияның шешімімен, Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында су басқан тоғыз үй қалпына келтіріліп, жөндеуден өтпек. Аталған баспана иелеріне қосымша өтемақы төленеді. Ал үйлері қалпына келтіруге жатпайтын және апатты деп танылған адамдарға биыл Жалаулы ауылында бес жаңа тұрғын үй бой көтереді. Құрылысты үш ай ішінде аяқтау жоспарлануда. Халықты ертерек баспаналарына жайғастыру үшін құрылыс жұмыстары күшейтіледі. Яғни, бұл азаматтар ағымдағы жылдың шілде айының басында қоныс тойын тойлайды деп үміттенемін. Мердігер ұйымға осы аптаның соңында жұмысқа кірісу міндеті қойылды, – деді Асайын Байханов.

Жаңа үйлердің құрылысына жауапты облыстық мәслихат депутаты, Ақтоғай ауданының тумасы Александр Терентьев типтік ғимараттар ауыл бедерінің ең биік нүктесінде салынатынын атап өтті. Айтуынша, жаңа үйлердің құрылысы барысында тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, құрылыс жоспары өзгертіліп, толықтырылып отырады.

– Жаңа тұрғын үйлерге біз барлық коммуникацияларды өзіміз іске қосып береміз. Үйдің іргесін қалап, әктеп, сырлап дайын күйінде тапсыратын боламыз. Тұрғындар кіріп, жиһаздарын қойып тұра береді. Бір үйдің құны шамамен 22 миллион теңгені құрайды. Бұл тұрғын үйлер өңірдің ірі кәсіпорындары бөлген демеушілердің қаражатына салынады. Барлық тұрғын үйдің құрылыс жоспары баспана иелерімен келісіліп, бекітілді. Жаңа үйлер сапалы құрылыс материалдарынан салынып, заманауи стандарт-тарға жауап береді, – деді ол.

Аудан ақсақалы Ахметолла Жандарбекұлы айтып келмейтін табиғи апаттың қалай, қай жерден келетінін ешкім де білмейтінін атап, ауыл тұрғындары мен жергілікті атқарушы билік өкілдерін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

– Осы күндері еліміздің он аймағында төтенше жағдай режимі жарияланып, біраз ауыл су астында қалып, халық әбігерге түсіп жатыр. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдай департаменті қызметкерлері тасқын судың салдарымен күресуде. Оның ішінде біздің облысымызда да қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы еліміздегі болып жатқан жағдай әрқайсымыздың жанымызға батып, қабырғамызды қайыстырары сөзсіз. Дегенмен сабырлық танытуымыз керек. Осындай қиын-қыстау сәтте, бір-бірімізді қолдап, бірлікті сақтауымыз қажет. Қол ұшын созып, демеу болуымыз керек. Сонда ғана біз барлық қиындықты еңсеріп, бойымызды тіктей аламыз, – деді ақсақал.

Айта кетейік, қазіргі уақытта жалпы облыс бойынша судан зардап шеккен 80-нен астам шаңырақ иелеріне көмек көрсетілді. Тағы 15 отбасының жағдайын арнайы комиссия мүшелері анықтап жатыр. Өңірде су тасқынына қатысты жағдай қазір тұрақты.

А.МҰҚЫШЕВ, Жалаулы ауылы, Ақтоғай ауданы.