Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентіндегі апаттық жағдайда деп танылған ескі білім ордасының орнына салынып жатқан балалар өнер мектебінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстардың 80 пайызға жуығы аяқталған. Биыл маусым айында табаны тартылған 500 орындық заманауи ғимарат көп кешікпей пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Нақтырақ айтқанда, желтоқсан айының ортасында заманауи өнер мектебінің тұсауы кесілмек.
Тарихы тереңде…
Майқайың балалар өнер мектебінің тарихы 1958 жылдан басталады. Алғашында ол Екібастұз қаласындағы М.И.Глинка атындағы музыка мектебінің филиалы ретінде ашылып, кейін, яғни 1961 жылы дербес музыка мектебі болып қалыптасады. Содан бері Майқайың өңірінің мәдени өмірінен өз орнын алып, кенттегі жас өнерпаздардың киелі шаңырағына айналған. Алпыс жылдан астам уақыт ішінде білім шаңырағынан мыңдаған шәкірт тәлім алды. Олардың арасында өнер жолын кәсіби мамандыққа айналдырғандар да, шығармашылықты өмірлік серігі еткендер де бар.
Өкінішке қарай, жылдар өте келе мектептің ғимараты ескіріп, жағдайы күрделене түсті. Оқу кабинеттерінің тарлығы, шығармашылық сабақтарға арналған кеңістіктің жеткіліксіздігі педагогтар мен оқушылар үшін айтарлықтай қиындық туғызған көрінеді. Нысанның техникалық жағдайы да жаңа ғимаратқа деген қажеттілікті айқын көрсетті, дейді мамандар. Соған қарамастан ұстаздар қауымы өз міндетіне адалдық танытып, шәкірттерді өнерге баулуды тоқтатпаған. Соның нәтижесінде, бүгінде білім шаңырағы дәстүрлі өнерді дәріптеп қана қоймай, заман талабына сай жаңа бағыттарды меңгеруге мүмкіндік беретін өнер ордасына айналып отыр.
Қазіргі таңда мұнда 20 педагог еңбек етеді. Ал 350-ден астам оқушы домбыра, вокал, дәстүрлі ән, фортепиано, жетіген, ақындар сыныбы, көркемсурет, қолөнер және хореография бағыттары бойынша білім алуда.
Мектеп директоры Әлем Әкімжановтың айтуынша, жаңа ғимараттың салынуы осындай ұжым үшін де, шәкірттер үшін де үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ.
– Біздің басты мақсатымыз – баланың бойындағы өнерге деген қабілетті дер кезінде байқап, оны дамытуға қолдау көрсету. Бұл ретте, жаңадан салынып жатқан ғимаратта жеткіншектердің дамуына жан-жақты жағдай жасалып, бұрынғыдан да жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деген үміттеміз. Қазіргі таңда бізде 350-ден астам бала білім алып жатыр. Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін оқушыларға қолайлы оқу кабинеттері, шығармашылықпен айналысуларына арналған кеңістіктер көбейіп, жаңа
бағыттарды ашуға мүмкіндік туады деген сенімдеміз, – дейді ол.
Өнерліге өріс кең
Жаңа білім беру мекемесінде оқушылар өнердің дәстүрлі түрлерімен қатар жаңа бағыттарды да меңгеретін болады. Атап айтқанда, саксофон, қылқобыз, робототехника, акробатика секілді бағыттардың іске қосылуы мектептің қосымша білім беру мүмкіндігін кеңейте түспек. Мұның барлығы Майқайыңдағы балалардың өнер мен шығармашылыққа қолжетімділігін арттыруға септігін тигізбек.
– Бүгінгі таңда ауыл мен аудан орталығындағы балалардың сапалы қосымша білім алуына жағдай жасау –
маңызды міндеттердің бірі. Себебі, өнер мектебі баланың тек белгілі бір аспапта ойнауын немесе сурет салуын үйрететін орын емес. Мұнда сахна мәдениеті, жауапкершілік, еңбекқорлық, эстетикалық талғам және ұлттық өнерге құрмет қалыптасады. Майқайың балалар өнер мектебінің алпыс жылдан астам тарихы соның дәлеліндей. Енді осынау қалыптасқан дәстүр жаңа ғимаратта жалғасын табатын болады. Ең бастысы, жаңа өнер-білім ордасы толықтай материалдық-техникалық базамен жабдықталады деп жоспарлануда. Бұл – жас таланттарға деген үлкен қолдау екені сөзсіз, – дейді өнер мектебінің директоры.
Атап өтерлігі, жаңа нысанның ашылуы мектептің материалдық базасын жаңартып қана қоймай, балалардың шығармашылық әлеуетін арттыруға да үлкен әсерін тигізеді деген үміт бар.
Демек, Майқайыңның жас өнерпаздары үшін бұл – жаңа сахна, жаңа мүмкіндік, жаңа белес десек, артық айтқандық болмас.
Жетістікке бастар жол
Қуантарлығы, Майқайың балалар өнер мектебінің шәкірттерінің жетістігі аз емес. Мәселен, 2025–2026 оқу жылында олар аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, 68 жүлделі орынды еншілеген екен. Оның ішінде 20 –
бас жүлде, 21 – І орын, 17 – ІІ орын және 10 – ІІІ орын бар. Оқушылар 29 жүлдені — республикалық, 34 жүлдені халықаралық байқаулардан иеленген.
Осылайша, мектептің өнерпаздары ел көлеміндегі конкурстарға қатысумен ғана шектелмей, халықаралық сахналарда да өз өнерлерін көрсетуде. Мәселен, майқайыңдық «Айналайын» үлгілі би ұжымы Өзбекстан мен Қырғызстанда өткен шығармашылық додаларға қатысып, олжалы оралған. Жас бишілер Қырғызстанда өткен «Zhuldyz Art Kazakhstan» халықаралық байқауында қатарынан екі бас жүлде мен І орын иеленіп, ел намысын абыроймен қорғап келгенін атап өткен жөн.
Міне, бұл нәтижелердің артында, ең алдымен баланың талантын танып, оны жүйелі түрде шыңдайтын ұстаздардың еңбегі тұр.
Иә, өнердегі жетістік бір күнде келмейді. Ол күнделікті дайындықты, тәртіпті, ізденісті және сахна
мәдениетін талап етеді. Демек, жақында ашылатын жаңа өнер мектебі де талай таланттың талабын ұштап, шығармашылығын шыңдауға жол ашады деп сенеміз.
Нұржайна ШОДЫР.
