Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Шідерті кентінің жылу жүйелерінің алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді. Бұл кентте жылу, су және су бұру жүйелерінің нысандары әкімдік балансына алынғаннан бері екі жыл қатарынан негізгі және қосымша жабдықтарға ағымдық кең ауқымды жөндеу жүргізілуде.
Шаһар басшысының әлеуметтік желідегі ақпаратына сәйкес, кентте биыл бекітілген жоспарға сәйкес жөндеу жұмыстары атқарылған. Станциядағы 4 қазандықтың үшеуі толық дайын әрі жұмысын бастап кеткен. Ал тағы бір қазандықтың жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес қараша айында аяқталып, іске қосылмақ.
Қазіргі атаңда қазандыққа 3 мың тоннадан астам көмір жеткізілген. Алда тағы көлемі арттырылмақ. Гидравликалық сынақ кезінде анықталған ақаулар толық жойылған. Айтарлықтай күрделі мәселе жоқ екені мәлім болды. Апаттық 6 бригада бар, қажетті материалдармен толық қамтылған.
– Соңғы жылдары алғаш рет жылу желілерінде гидравликалық сынақтар өткізілді. Құбырлардың бір бөлігі былтыр, бір бөлігі биыл жөнделсе, тағы бір бөлігі жөндеу жұмыстарының алдағы жоспарларына енгізілді. Қызмет көрсетуші ұйым жылыту маусымын штаттық режимде өткізуге барлық керек-жарақпен қамтамасыз етілген. Ауқымды дайындық жұмыстар жүргізілді. Сондықтан, ешқандай мәселе туындамауы керек, – дейді А.Бейсекин.
Г.МАҒЖАН.
Екібастұз қаласы
Ой жарысында бас қосты
Тереңкөл ауданының мұғалімдері мен мемлекеттік қызметшілері зияткерлік ойында бас қосты. Мұндай ой жарысы «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында ұйымдастырылды.
Шараны аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық кітапхана бірлесіп өткізген. Мұндай зияткерлік ойын мемлекеттік тілдің қолданылуы аясын кеңейту, кітап оқуға және әдеби мұраға деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған.
Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше, жарысқа педагогтардан құралған «Табиғи интеллект» және мемлекеттік қызметшілерден жасақталған «Парасат» топтары қатысқан. Бес кезеңнен тұратын ойын барысында қатысушылар білімдерін, ой ұшқырлығын, логикалық ойлау қабілеттері мен тапқырлықтарын көрсеткен.
Ойын сұрақтары Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» және Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» шығармаларынан қойылған. Қатысушылар әдеби туындылар бойынша білімдерін сынап, өзара пікір алмасып, ұйымдаса жұмыс істеу шеберліктерін танытқан. Тартысты әрі қызықты ой сайысында «Парасат» командасы жеңіске жетті. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар дипломмен, сыйлықтармен марапатталды.
Г.МАҒЖАН.
Тереңкөл ауданы
Қауіпсіздікті сақтау
қажет
Ертіс ауданында республикалық «Айқын нәтиже» жобасы мен «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында отбасыларды аралау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Р.Ақанова, аудандық аурухана басшысының орынбасары А.Жохов, білім беру бөлімінің басшысы А.Сәрсенова, Отбасын қолдау орталығының жетекшісі О.Тимлер, полиция бөлімінің қызметкерлері мен басқа да жауапты мамандар қатысты. Олар рейд барысында ата-аналарға балалардың қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, алаяқтықтың алдын алу және ата-аналық міндеттерді дұрыс орындау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Кездесу барысында ата-аналарға жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану жолдары, төтенше жағдайлардың алдын алу және кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігі мен тұрмыстық жағдайына тұрақты бақылау жасау қажеттігі де жіті түсіндірілді.
Мамандар мұндай шаралардың берері мол екенін алға тартуда.
Н.ШОДЫР.
Ертіс ауданы
Арзан өнім ұсынылды
Өткен демалыс күндері Шарбақты ауданының орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған ауданның ең үздік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысып, өз өнімдерін төмен бағада сатты.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – аудан тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету. Яғни, жергілікті шаруашылықтар нағыз табиғи ет және сүт өнімдерін сауда алаңына шығарды. Сауда алаңында сиыр еті, құс еті, картоп, сәбіз, тауық жұмыртқасы және сүт өнімдері тұрғындарға ұсынылды. Атап айтқанда, сиыр етінің бір келісі 3200 теңгеден, құс еті 2200 теңгеден, картоп 130 теңгеден, сәбіз 120 теңгеден сатылды. Ал С1 санатындағы бір жұмыртқаның бағасы 61 теңгені құрады.
Сонымен қатар жәрмеңкеде сүт, қаймақ, сүзбе, ірімшік және сары май сияқты сүт өнімдері де сатылымға шығарылды. Жәрмеңке тұрғындарға күнделікті қажетті азық-түлік өнімдерін нарықтағы бағадан төмен, қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді.
Т.САХАБА.
Шарбақты ауданы
Тартысты турнир
Аққулы ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты пікірсайыс турнирі өтті.
«Адал азамат» жол картасы аясында ұйымдастырылған шараға 8 құрама команда қатысып, мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызмет көрсету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелерін талқылаап, өзара сайысқа түсті.
Шара өте қызықты әрі мазмұнды өтті. Турнир қорытындысы бойынша «Қайрат» командасы I орынға, «Жүрек» командасы II орынға, ал «Абай мұрасы» командасы III орынға ие болды.
Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Н.АҚЫТЕГІ.
Аққулы ауданы
Қолдау көрсету
көзделген
Железин ауданында гендерлік және отбасы-демографиялық саясат мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Мұнда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге қолдау көрсетуге маңыз берілді.
Бұл туралы аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Райхан Усина Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді. Отырыста әйелдердің өз кәсібін ашып, дамытуына, қажетті қолдау алуына және қаржылық тұрғыдан мүмкіндіктерін арттыруына жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, «Алтын ұя» отбасыны қолдау орталығының жұмысы қаралды. Железиндік мамандар қиын жағдайға тап болған әйелдердің мәселесімен жалғыз қалмауына назар аударуда. Әкімдіктегілер қолдау тек қиын сәтте көмек көрсету емес екенін айтады. Яғни, әйелдердің сенімін арттырып, алға басуына мүмкіндік беру маңызды болып отыр.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Железин ауданы
