Аққулы ауданында көптен күткен мәдениет үйі ашылды. Биыл Жамбыл ауылының мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының арманы орындалды.
Аққулы ауданы мәдениет үйінің басшысы Самат Момынжановтың айтуынша, 1200 тұрғыны бар Жамбыл ауылында мәдениет нысаны 1987 жылы салынған. Жөндеу жұмыстарын «Иман» ЖШС жүргізді. Осы мақсатқа бюджеттен 110 миллион теңге қаражат қарастырылған.
— Бұл мәдениет үйінде соңғы рет 2011 жылы жартылай жөндеу жүргізілген. Биыл нысанның терезелері мен жылыту, электр жүйесі ауыстырылды. Бірінші және екінші қабаты толығымен жаңартылды. Қоршау орнатылып, алаңға кеспе тастар төселді, – деді Самат Момынжанов. Бүгінде өнер ордасында вокал және би, драма театр үйірмелері жұмыс істейді. Ауыл жастары ауданның мәдени өміріне белсенді қатысады.