Биыл Ақсу қаласы мен оған қарасты елді мекендерде айтарлықтай ауқымды іс атқарылды. Бұл ретте көпшіліктің көптен бергі сұрауы – Жолқұдық ауылына Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзин есімінің қайта берілуін айрықша атап өткен жөн.

Елді мекеннің тарихы 1904 жылдан басталады. Сол тұста Жолқұдық құдығының тұсындағы мекеннің маңында шағын ауыл құрылды. Әр жылдары Павлодар, Кагоновический аудандарының құрамында болды. 1938 жылы Ермак ауданына қосылды. 1966 жылы жергілікті мектеп пен ауылға сол жердің тумасы, Ұлы Отан соғысы жылдары Молдавияны, Днестр өзенінің маңын жаудан азат етуге қатысқан майдангер, Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзиннің есімі берілді. Кейін ауылдың атауы қайтадан Жолқұдық деп ауыстырылды. Бұл атау көпшіліктің, әсіресе көнекөз қариялардың көңілінен шыға қойған жоқ. Олар майдан даласында бейбіт өмір үшін ерлікпен қаза тапқан жерлестің есімін беру әлдеқайда дұрыс деген бастаманы талай рет көтерді. Бұл туралы біздің басылымда да жарияланған еді. Көпшіліктің талап-тілегі ескеріліп, биыл елді мекенге даңқты жерлестің есімі берілді. Сонымен қатар, аталған ауыл кіретін Алғабас ауылдық округі Қанаш Қамзин ауылдық округі болып аталды. Қазір мұнда 1600-ден астам адам тұрады. Қанаш Қамзин атындағы мектеп, мешіт, мәдени ойын-сауық орталығы, пошта, кітапхана, дәрігерлік амбулатория, шаруа қожалықтары бар.  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жеті көшенің жолы, көшедегі жарық желісі жөндеуден өтті. Қысқасы, жұрттың қалауы орындалып, батырдың есімін арқалаған ауылдың тірлігі қайта жандана түсті.