«Қуанышты бөліссең көбейеді» демекші көп ұзамай Железин ауданындағы 4 ауылдың тұрғындары таза ауызсумен қамтылмақ. Қазіргі таңда Моисеевка, Есқара, Береговое және Петропавловка елді мекендеріне су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
— Негізінде, Моисеевка ауылында жеңілдетілген су құбырының құрылысы өткен жылдың қыркүйегінде басталып, 3 шақырым жерге су құбыры тартылды. Оның жалпы ұзындығы 5,9176 шақырымды құрайтын болады. Биыл осы жобаларды жүзеге асыру үшін қазынадан 1 339 645,0 мың теңге қаражат бөлінді. Аталған соманың ішінде ҚР Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт есебінен 583 792,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 755 853,0 мың теңге қарастырылды. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша мердігерлермен келісімшарт жасалды. Жұмыс жоспарлы түрде жүріп жатыр, — дейді Железин аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінің бас маманы Қанат Рамазанов. Оның айтуынша, Есқара ауылына су құбыры желісін тарту үшін жалпы сомасы 365 838,7 мың теңге бөлінген. Бұл жұмыстармен қарағандылық «Life Stroy Invest» ЖШС-і, ал монтаждау, техникалық қадағалау жұмыстарымен басқа мердігер компаниялар айналысуда. Ұзындығы 4,2169 шақырымды құраған жоба жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарануда. Ал Петропавловка ауылына 8,6365 шақырым жеңілдетілген су құбырын тарту жұмыстарына 337 375,0 мың теңге қарастырылса, Береговое ауылында бұл бағыттағы жұмыстарға 355 135,8 мың теңге бөлінген. Бүгінде мердігерлер қызу жұмыс істеуде.
— Ертіс бойында тұрсақ та елді мекендерде ауызсу тапшылығы мәселесі күн тақырыбында өткір тұрған еді. Енді бұл ауылдардың тұрғындары таза ауызсумен толық қамтамасыз етіледі. Бастысы, мердігерлерден жұмыстың сапалы жүруін талап еттік. Көп ұзамай 4 ауылдың тұрғындары ауызсуға қол жеткізетін болады, — дейді Башмашы ауылдық округінің әкімі Меруерт Бекболатқызы. Өкініштісі, өңірдегі кейбір ауылдарда су құбырын тарту жұмыстары жүргізілгенімен, кейін аяқсыз қалып қойғанын білеміз. Бұл елді мекендердегі сумен жабдықтау мәселесі солардың кебін кимесе екен дейміз. Тұрғындар таза ауызсуды тағатсыздана күтіп отыр.
Н.ШОДЫР.