Бүгінде дала төсінде жұмыс қызу. Өңірдегі шаруалар білекті сыбанып, техникаларын сайлап, егістікті игеруге мықтап кірісті. Ауа райы жайлы болса, белгіленген жұмыстар уақытылы аяқталуы тиіс. Арзандатылған жанаржағармай да жеткілікті. Тек кейбір шаруашылықтардың әлі күнге дейін ескі техникаларды пайдалануы азкем қолбайлау болуы мүмкін.

 

Кеше облыс әкімі Асайын Байханов Шарбақты және Успен аудандарына арнайы барып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.   Алдымен аймақ басшысы Шарбақты ауданында орналасқан «Никром» ЖШС атқарып жатқан істерді байқады. Осыдан 10 жыл бұрын ашылған шаруашылықта бүгінде 25 адам тұрақты еңбек етеді. Олар күнбағыс өсіруге ден қойған. Серіктестік басшысы Валерий Сорокиннің сөзінше, қай кезде болмасын күнбағыстан пайда бар. Сол себепті дақылдың дәл осы түріне басымдық беріпті. Одан бөлек, бидай және қарақұмық егіледі. Шаруашылық техника паркін жаңартуды мықтап қолға алған. Былтыр Қазақстанға алғаш рет әкелінген заманауи егіс кешенін лизинг арқылы сатып алып, бүгінде соның игілігін көріп отыр. Ал «ВИГИС» ЖШС иелігінде 10 мың гектардан астам жер бар. Бұл шаруашылық та күнбағыспен айналысуды құп көреді. Сондай-ақ, қазір бидай егіп жатыр. Кейін тары тұқымын себеді.

– Биыл қар жылдағыдан аз түсті. Соған қарамастан, агротехникалық шараларды жүйелі жүргізіп, мол өнім жинауға ниеттіміз. Алдағы уақытта аз мөлшерде қарақұмық егу де жоспарда бар. Осы орайда мемлекет тарапынан қолдау барын атап өтпеске болмас. Бағдарламалардың аясында субсидия мен арзандатылған жанар-жағармай алдық. Енді жаз бойы тынбай еңбек етсек, күзде жемісін көреміз, – дейді серіктестік директоры Виктор Григоров. Асайын Байханов облыстағы ірі шаруашылықтардың бірі – «Победа» ЖШС-ндегі егіс жұмыстарының барысын да байқады. Аталмыш шаруашылық әр жыл сайын жаңашылдықтарды енгізуді дәстүрге айналдырған. Мұндағы әр техника, әр технология таң қалдырмай қоймайды. Айталық, соңғы үлгідегі швед егіс кешені көктемгі дала жұмыстарын кем дегенде үш күнге ерте аяқтауға мүмкіндік береді. Яғни, шығын аз болып, жұмыстар сапалы атқарылады. Аймақ басшысы серіктестіктегі жаңашылдықтарды оң бағалап, еңбек қызметкерлерінің жұмысы елену керек екенін атап өтті.

– Агроөнеркәсіптік кешенде еңбек адамдарының рөлі айрықша. Олардың бел жазбай жұмыс істеуінің нәтижесінде азық-түлік қауіпсіздігі сақталып, мол көлемдегі өнім аламыз. Өз кезегінде шаруашылықтар олардың әлеуметтік жағдайын жасауға баса назар аударғаны жөн. Баспанамен қамтылуы, жалақының уақытылы берілуі сынды міндеттер орындалуы тиіс. Оны жергілікті билік те бақылауы керек, – деді А.Байханов. Сонымен қатар, аймақ басшысы аудандағы кейбір шаруашылықтардағы техникалардың ескі екенін ескерді. Тіпті, 60 жыл бұрын қолданыста болған техникалар әлі егіс даласында жүр. Бұл ретте Асайын Байханов Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуовке диқандарға техника паркін жаңартуға көмектесуді тапсырды. Облыс әкімінің жұмыс сапары Успен ауданында жалғасты. Аудандағы ірі шаруашылық – «Галицкое» ЖШС мамыр айының ортасынан бастап жаппай егіс жұмыстарына кіріскен. Бүгінде алқапта 13 егіс кешені жүр. Техника, тұқым, жанар-жағармай – бәрі жеткілікті. Тек минералды тыңайтқыш аз көлемде жеткізіліпті. Серіктестік басшысы Александр Касицин ауа райы жайлы болса, егіс жұмыстары кестеге сай аяқталатынын жеткізді. Айта кетейік, бұл кәсіпорын суармалы алқапты одан әрі дамытуға қатысты жобаны қолға алмақ. Сол арқылы өнім көлемін арттыра түсуді көздейді. Аймақ басшысы бұл бастамаға қолдау білдірді. Сонымен қатар, Асайын Байханов осы аудандағы «Евгений» және «Романенко» шаруа қожалықтарына барды. Бұл шаруашылықтар да жоспарлы істерді кестеге сай атқару үшін аянбай еңбек етуде.

Оралхан ҚОЖАНОВ,

Шарбақты, Успен аудандары.