Биыл «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына салынған инвестиция көлемі 1 млрд теңгеден асты. Соның есебінен дайын өнім көлемі артып, жаңа жұмыс орындары құрылып, тың өндірістер басталды.

Жыл басынан бері арнайы экономикалық аймақта 15,012 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, оның жартысы өзге елдерге экспортталды. Сыртқа сатылған тауарлардың есебінен 7,12 млрд теңге табыс түсті. Сонымен қатар, төрт ай аралығында көмір коксы мен жартылай кокс, отын қоспалары, композиттік коагулянттар өндірісі қолға алынды. Бұл ретте мұндағы өндіріс көлемі былтырғыдан 23 пайызға артқанын атап өту керек. Өткен жылдың алғашқы айларында 12,22 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл 15,01 млрд теңге болатын тауарлар шығарылды. Бастысы, жаңа жобалардың жүзеге асуы нәтижесінде 1537 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, басқарушы компания экономикалық аймақта кәсібін бастауға ниетті жаңа қатысушыларды тіркеді. Инвесторлар жалпы сомасы 348 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны іске асыруға бейілді. Атап айтқанда, бағалы металдар мен қорытпалар, құрылыс материалдары, май мен отынға арналған түрлі қоспалар, белсендірілген көмір, кокс-химиялық және минералды өнімдер шығару жұмыстары қолға алынбақ. Сондай-ақ, кәсіпкерлер энергетикалық жабдыққа металл қосалқы бөлшектерді, агрохимиялық өнімге әсер етуші затты, алюминий фольганы, ПВХ пленкасын, құйылатын битумға арналған ыдыстарды өндіру бойынша жобаларды қарастыруда. Инвесторларды тартуға бағытталған шаралар мұнымен тоқтап қалмайды. Таяуда басқарушы компания өкілдері Астана қаласында өткен өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі және машина жасаушылардың ХІ форумына қатысты. Соның аясында Еуразия механикалық зауыты басшылығымен кездесіп, жер және инфрақұрылымдық қамтамасыз ету мәселелерін талқыға салды. Аталмыш компания арнайы аймақта машина жасау ісін бастап, технологиялық процесс барысында Германияның, Италияның станок паркін пайдалануды көздеп отыр. Бұл жобаны іске асыру 60-100 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде өндіріс қуаты жылына 8700 өнімді құрайды. Осындай ауқымды істің алғашқы қадамы ретінде басқарушы компания мен аталмыш кәсіпорын арасында 2 гектар жер учаскесін жалға алу шартына қол қойылды. Одан бөлек, көрмеде «Каустик», «Вектор Павлодар», «Қазмұнайхим», «БО-НА», «ROSSDORCOM KZ» кәсіпорындары өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.