Маңдай тердің мерейі

Қар 26, 2026

Аймағымызда жиын-терім науқаны аяқталып, кезекті бір жауапты маусымның қорытындысы шығарылды. Нақтысы, ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шара өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің жетістіктері таныстырылған «Ертіс Ырысы — 2026» көрмесімен басталды. Мұнда заманауи ауыл шаруашылығы техникасы, цифрлық шешімдер мен жергілікті өндірушілердің өнімдері көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмені облыс әкімі Асайын Байханов аралап, аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы озық тауарлар мен тәжірибелерге куә болды. Экспозицияда John Deere, ЮТО тракторлары, картоп отырғызатын техника, агродрондар, телескопиялық тиегіштер, дәлме-дәл егіншілікке арналған жабдықтар, борттық компьютерлер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға және тасымалдауға арналған заманауи жүйелер таныстырылды. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілердің өнімдеріне арналған жеке көрме алаңы ұйымдастырылды.

Жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтаған өңір басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің облыс экономикасын дамытуға қосып отырған зор үлесін атап өтті.

– Біздің өңір еліміздің аграрлық секторында лайықты орын алады. Облыста 5 мыңнан астам шаруа қожалығы табысты жұмыс істейді. Салада 60 мыңнан астам адам еңбек етіп келеді. Егіс алқаптарын әртараптандырудың арқасында өңірде күнбағыс егісінің көлемін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік туды. Павлодар облысы соңғы үш жыл бойы инвестиция тарту бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында келеді. Сондай-ақ қарақұмық, тары, күнбағыс, картоп және сәбіз өндіруден алдыңғы қатарда, – деді Асайын Байханов.

Асайын Байханов диқандарға еселі еңбегі үшін алғыс айтып, қолайсыз ауа райына қарамастан қиындықтарды еңсеріп, егін жинау науқанын сәтті аяқтағандарын атап өтті. Өңір басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуға қатысты алға қойған міндеттеріне де жеке тоқталды. Басты басымдықтардың қатарында фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні енгізу, су ресурстарын ұтымды пайдалану және суармалы егіншілік алқаптарын ұлғайту бар.

Мерекелік бағдарлама аясында агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына елеулі үлес қосқан сала қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті.

«Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағына «Замандас» шаруа қожалығының басшысы Балғабай Бакишев ие болды. «Жаңа-ауыл» ЖШС директоры Қайрат Ибраев «Құрмет» орденімен марапатталды. «Еңбек даңқы» III дәрежелі орденімен «Вигис» ЖШС директоры Виктор Григоров пен «Неупокоев В.И.» шаруа қожалығының басшысы Владимир Неупокоев марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалі «Кундыз» шаруа қожалығының басшысы Максим Щербак пен «Чингисхан» шаруа қожалығының жетекшісі Жоламан Мұсабековке табысталды.

«Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен Ақтоғай ауданының ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ермек Машриков пен «Болат» шаруа қожалығының басшысы Серік Сүлейменов марапатталды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министр-лігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен «Жан-Дос Kz» ЖШС өндіріс басшысы Бауыржан Серімов, «Уразбаев» шаруа қожалығының басшысы Сайлау Уразбаев және «Твис Агро» ЖШС директоры Сергей Турбин марапатталды.

Сондай-ақ бірқатар сала өкілдеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық наградалары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және өңдеу кәсіпорындары қызметкерлері республикалық кәсіподағының салалық марапаттары табысталды. Жалпы, түрлі наградалармен 27 адам марапатталды.

Мереке өңірдің азық-түлік қауіп-сіздігін қамтамасыз етіп, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына зор үлес қосып жүрген еңбек адамдарының құрметіне арналған концерттік бағдарламамен аяқталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.