Ауданда өткен жылы білім беру саласы 18 жас мұғаліммен толыққан. Жас мамандар «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында елді мекендердегі мектептерде жұмыс істеуде. Оларға мемлекет тарапынан берілетін қажетті қолдау толық көрсетілуде.

Аудандық білім беру бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ауылға келген жас мамандарға баспана сатып алуға немесе салуға несие беріледі. 15 жылға берілетін несиенің көлемі 1500 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Сонымен қатар, 100 АЕК көлемінде бірреттік жәрдемақы төленеді. Барлық жас маман қажетті қатты отынмен қамтылады. Ауданда 8 жас маман ата-аналарымен тұрса, 8 жас маманға үй тегін берілген. Сондай-ақ, тегін тамақпен де қамтылған.

Ауданда медицина қызмет-керлерінің қатары да жас мамандармен толығуда. Жуырда Майқоңыр ауылындағы медициналық бөлімшеге Әсел Сейсенбаева медбике болып орналасты.

300-ден астам адам тұратын елді мекенде фельдшер жұмыс істейтін. Енді оған жас маман қолғабыс ететін болады.

Әсел Сейсенбаева — Ертіс ауданы Ағашорын ауылындағы орта мектептің түлегі. Медицина саласында еңбек етуді армандаған ол Павлодар медициналық жоғары колледжінде білім алды. Осы жылдың ақпан айында оқу орнын тәмамдап, дипломмен ауылға келеді.

— Жолдасым — Майқоңыр ауылының тумасы. Оқуды аяқтаған соң, екеуіміз ауылға жұмыс істеуге келдік. Қазір жас мамандарға, жас отбасыларға мемлекет тарапынан көп көмек көрсетілуде. Болашақта жеке баспанамен қамтылсақ деген арманым бар, — дейді Ә.Сейсенбаева.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.