Астықты өлке – Ертіс ауданындағы диқандар өткен жылы қуаңшылықтың салдарынан құнарлы мал азығын алуда бірқатар қиындыққа тап болған еді. Биыл шаруалар қыста  жауған қалың қар мол өнім алуға мүмкіндік беретініне сенімді. Бұл ретте көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен дер кезінде орындауға бел буып отыр.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл аудандағы егістік көлемі 323,7 мың гектарды құрамақ. Оның ішінде 201,5 мың гектарға бидай, 28,5 мың гектарға арпа, 4,1 мың гектарға сұлы, 1,2 мың гектарға тары, 1,8 мың гектарға қарақұмық салынбақ. Сонымен қатар, 7,3 мың гектарға жасымық салу жоспарлануда. Ал майлы дақылдардың жалпы көлемі 52,6 мың гектарды алатын болады. Бұл ретте күнбағыс 24,3 мың гектарға, зығыр 18,6 мың гектарға себілмек. Сондай-ақ, картоп, көкөніс дақылдары да отырғызылатын болады.

Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы орындау үшін арзандатылған 6019 тонна дизель отыны бөлінген. Оны шаруашылықтарға  «ПК Парнас» ЖШС және «LF TRADE» ЖШС жеткізетін болады. Қазіргі уақытта 6019 тонна дизель отынының 2311 тоннасына өтінім берілген. Сонымен қатар, ауылшаруашылық техникаларының 80 пайызы дайын. Биыл ауқымды шараны жүргізуде заманауи  160 егін себу техникасы және 183 трактор жұмыс істемек. Аудан диқандары дәнді дақылдарды 14 күнде, майлы дақылдарды 15 күннің ішінде сеуіп аяқтауды жоспарлап отыр.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.