Күз мезгілінен бастап ауылдағы ағайын қыста пайдаланар отынын түгендеуге қамданады. Дегенмен, қылышын сүйретіп келген қыстың ақ бораны мен сарышұнақ аязы бейқамдықты кешірмейді. Сондықтан қыстың қаһарына төтеп беру зор дайындықты талап етеді. Осы тұста биыл облыста тұрғындарды ағаш отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүргізілуде? Ағаш отынның бағасы қанша? Осы және өзге де сауалдарға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Альмира Жингулова жауап береді.
— Альмира Есенғұлқызы, қыста пайдаланатын отындардың бірі – ағаш. Жуырда халықты отынмен қамтамасыз ету тәртібі шықты. Жалпы, тұрғындар қыс-
қы отынды алу үшін қайда жүгіне алады?
— Ағаш алу үшін сіз орналасқан жеріңіздегі орман шаруашылығы бөліміне ауызша немесе жазбаша өтініш беруіңіз керек. Орманшы учаскенің орналасқан жерін көрсетеді. Төлем қолма-қол жүргізіледі. Одан кейін орманшы ағаш кесу билетінің нөмірін, ағаш түрлерін, көлемі мен құнын көрсететін орман өнімдерін шығаруға шот-фактураны береді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар болып табылатын табиғатты қорғау мекемелерінде («Ертіс орманы» қорығы, Баянауыл ұлттық паркі) отын тек өндіріс орнынан жеткізіледі.
— Ағаштың кесу аймағын таңдауға бола ма?
— Инспекцияның әлеуметтік желідегі парақшаларына тұрғындардан орманшыларға қатысты учаскенің орналасқан жеріне наразылығы туралы шағымдар жиі түседі. Мемлекеттік орман қоры учас-келеріндегі тұрақты сүрекпен қамтамасыз етудің жылдық мөлшері орман орналастыру жобаларына, ағаш кесу жоспарларына, құрылыс объектілері үшін орман алқаптарын тазарту жобаларына сәйкес, сондай-ақ, жергілікті халықтың отынға деген қажеттілігін ескере отырып айқындалады. Яғни, отын тек белгіленген жерлерде ғана жеткізіледі. Келесі кезекте орман қорғау мекемелерінің қызметкерлері кесу учаскелерін бөлу және салық салу жұмыстарын жүргізеді. Материалдарды тексеру үшін инспекцияға жібереді. Мамандар тексергеннен соң көлемді кесу учаскелері ағаш кесуге кіріскенге дейін бір жыл бұрын жануарлар дүниесі орман шаруашылығы комитетіне бекітуге жіберіледі.
— Биыл отынның бағасы қандай? Кімдерге тегін беріледі?
— Ешкімге тегін берілмейді. Тек ақылы түрде сатып ала алады. Тұрақты ағаш материалдары үшін алымдарды есептеу және төлеу тәртібі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 588-бабына сәйкес айқындалады. 1 текше метр отынның бағасы: Железин және Ертіс ауданы – 1850 теңге (қайың, тал, көктерек, терек); Ақтоғай, Успен және Терең- көл аудандарында – қайың – 1600 теңге, тал, терек – 1500 теңге, Павлодар, Ақсу, Екібастұз, Май, Ақтоғай, Аққулы – терек, тал – 2000 теңге. Аққулыда өртенген аумақтардан шыққан отын — 400 теңгеден, ал Баянауыл ауданында қарағай – 4243 теңге, көктерек – 3783 теңге, қайың – 3981 теңге.
— Рұқсатсыз ағаш кескен адамдар қандай жауапкершілікке тартылады?
— Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 381-1-бабына сәйкес орман қорына кіретін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі залал келтіруге әкеп соғады. Мысалы, 1000 АЕК-ке дейін. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде әрекет ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қайталанса, заңсыз кесiлген ағаштар мен бұталарды, көлiк құралдарын және басқа да заттарды тәркiлей отырып, 150-ден 1500 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады. Сонымен қатар, келтірілген шығын өтеледі.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.