Ертіс ауданына қарасты бірнеше білім беру мекемесіне ұзақ жылдар бойы мүлдем күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Олардың қай-қайсысының да қазіргі жағдайы сын көтермейді. Себебі, әбден тозығы жеткен мектептер қыстың суығында азынап кетсе, көктем мен күздің жаңбырлы күндерінде төбесінен су сорғалап, ыңғайсыздық тудырып отырған көрінеді. Бұл жағдай қашанға дейін қайталана бермек? Шалғайдағы білім ордаларының мәселесі шешімін таба ма? Жауап іздеп көрген едік.

Алпыс жыл жөнделмеген…

Аудандағы көптен бері күрделі жөндеу жұмысын көрмеген оқу ордаларының бірі – Сілеті ауылындағы Сілеті жалпы орта білім беру мектебі. Бұл мекеменің қабырғасы 1964 жылы қаланып, қолданысқа берілген. Мектеп ұжымы келесі жылы 60 жылдық мерейтойын атап өтпек. Алайда жарты ғасырдан астам уақыт тарихы бар білім ұясына осы уақытқа дейін бір рет те күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

– Мектебіміз салынғалы күрделі жөндеу көрген жоқ. Тек жыл сайын әктеу, әрлеу, сырлау сынды ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жасалып келеді. Шыны керек, 60 жыл бойы ауыстырылмаған ағаш әйнектер мен терезелер тозып тұр. Аязды әрі желді күндері әйнектерден суық үрлеп, мектеп іші салқындап кетеді. Оның үстіне сыныптарда үлкен үш терезеден бар. Соның да әсері болар, қыстыгүні білім ордасының іші суық болады. Балаларымыздың денсаулығы үшін алаңдаймыз. Олардың жайлы да жылы жерде отырып білім алғанын қалаймыз. Сол үшін мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстары өте қажет. Бұл мәселені аудан әкімі келген сайын көтеріп келеміз, – дейді осы білім ордасында 2 баласы оқитын Балгүл Махметова есімді ауыл тұрғыны. Аталмыш мектеп директоры Сәнгүл Балташованың айтуынша, 2 қабатты бұл білім беру мекемесі әу баста 320 балаға лайықталып салынған. Бүгінгі күні мұнда 65 оқушы мемлекеттік тілде білім алады. Ал мектеп жанындағы шағын орталықта 19 балғын тәрбиеленуде. Қуантарлығы, соңғы жылдары бала саны артуда. Мектеп басшысы осы жағдай ескеріліп, оқушылардың алаңсыз білім алуына мүмкіндік жасалса деген пікірін де жеткізді.

– Осыдан он жылдай уақыт бұрын бала саны күрт азайып кетті. Небары 30 шақты ғана оқушы қалған кез болды. Қазір шүкір, ауылға жастар келе бастады. Жылдан-жылға шәкірттеріміздің қатары артуда. Мектебімізде 18 мұғалім еңбек етеді. Мамандар жеткілікті. Тек білім ордасына күрделі жөндеу жүргізу мәселесі ғана күн тақырыбында тұр. Мектеп төбесінен су аққан жағдайлар да болды. Қолдан келгенше шұрық-тесіктерді жамап-жасқап, күтім жасаудың арқасында ғана ғимарат аман тұр. Электр желілері де ескірген. Спорт залымызда 6 үлкен терезе болғандықтан қыс мезгілінде салқын болады. Сонымен қатар, білім мекемесінің материалдық-техникалық базасы да нашарлау. Ағаш парталардың ауыстырылмағанына 15-20 жыл өтті. Интернет бар болғанымен, компьютерлер ескі әрі бағдарламалары жаңартылмаған. Ал заманауи кабинеттер атымен жоқ, – дейді Сілеті жалпы орта білім беру мектебінің директоры. Аудан орталығынан 120 шақырым шалғайда орналасқан қазақ мектебінің жағдайы ауыр екені айтпаса да түсінікті. Ата-аналарды толғандырған тағы бір мәселе бар. Ол – ауыл балаларының ауданда өтетін түрлі жарыстарға қатысуын қамтамасыз ететін көліктің болмауы.

– Осы мақсатта мектебімізге шағын «Газель» автокөлігі берілсе екен деген тілегіміз бар. Себебі, ауылымызда талантты балалар өсіп келеді. Олардың шығармашылық қабілетін шыңдау үшін түрлі сайыс-тарға қатыстыруда қиындықтар кездеседі. Жол алыс болғандықтан мектебімізге бір көлік керек, – дейді ауылдың байырғы тұрғыны Назгүл Ыдырысова. Сонымен, Сілеті ауылындағы мектептің мәселесі қашан шешіледі? Бұл сұраққа жауап берген Ертіс аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мая Багиенова келесі жылы, яғни 2024 жылы бұл білім ордасына толыққанды күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Негізі, Сілеті мектебінің жағдайы баршамызға мәлім. Облыстық білім беру басқармасының қолдауымен жыл сайын өңірдегі 2 мектепке күрделі жөндеу жүргізілмек. Сол жоспар бойынша 2024 жылы Сілеті ауылындағы білім беру мекемесі мен Северный ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп жөнделеді деп күтілуде. Жобалық-сметалық құжат-тары әзірленді, – дейді Мая Багиенова. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш ауыл мектебінің айы оңынан туатын күн алыс емес сияқты. Солай боларына біз де қуаныштымыз. Десе де, шалғайдағы қазақ мектебіне алпыс жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілмей, көптен бері көңіл бөлінбей келгені көпшілікті толғандырып отырған жайы бар. Ал Ертіс ауданының әкімі Болатбек Шәріпов бұл білім ордасының не себепті ұзақ уақыт бойы жөнделмегенін білмейтінін айтады.

– Мұндай мектептер Ертіс ауданында ғана емес, жарты Қазақстанда бар. Елімізде Кеңес үкіметі кезінде салынып, кейін жылдар бойы жөнделмеген білім ордалары көп. Оның себебін білмеймін. Әйтеуір аудан басшысы ретінде тоқсан сайын тұрғындармен болған кездесуде осы мәселе көтеріліп келген болатын. Келер жылы бұл іс шешіледі деп жоспарлануда, – дейді Болатбек Шәріпов. Сонымен қатар, ол Сілеті ауылындағы мектепке көлік қажет деген ауылдықтарға да өз жауабын айтты.

– Мектепке бөлімшелерден тасымалданатын бала жоқ. Сондықтан шағын автобустың не керегі бар? Көлік алу үшін оны қоятын орын, жүргізуші қажет болады. «Судың да сұрауы бар», – деген. Одан да қаржыны көпшілікке ортақ дүниеге жұмсаған жөн. Мәселен, Сілетіге жол салу керек. Таза ауызсу әр үйге кіріп тұратындай жағдай жасау қажет. Яғни, орталықтандырылған су құбырын тартуға тиіспіз. Сондай-ақ, Қызылқақ ауылына мектеп қажет. Өңірдегі шекараға жақын білім беру мекемелерінің терезесі ауыстыруды талап етеді. Міне, алдымен осындай жұмыстар атқарылғаны дұрыс, – деген әкім аудандағы қордаланып қалған өзге де біраз мәселенің бетін ашып берді. Бұл – басқа әңгіме, әрине…

Майқоңыр мектебі де жұтаң

Облыс орталығынан шамамен 300 шақырым шалғайда жатқан Ертіс ауданының Майқоңыр ауылын-дағы Майқоңыр жалпы білім беру мектебінің де ахуалы ауыр. Білім беру мекемесінің директоры Бақыт Назымованың сөзіне қарағанда, 1983 жылы салынған мектептің күрделі жөндеу көрмегеніне 40 жыл болған.

– Жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ мәселе баршылық. Мектеп тозып кеткендіктен қыста салқын болады. Әбден ескірген әйнектердің сыры қабыршықтанып түсіп жатыр. Жаңбырлы күндері төбеден су тамшылайтын сәттер де кездеседі. Парталар да жұтап тұр. Мәжіліс залындағы орындықтар отыруға жарамайды. Мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстары керек-ақ. Бұл мәселені жыл сайын көтеріп келеміз. Бастысы, интернет, компьютерлер бар және мамандар жеткілікті, – дейді Майқоңыр мектебінің директоры. Оның айтуынша, бастапқыда аралас, соңғы 10 жылдан бері таза қазақ мектебіне айналған бұл білім шаңырағында бүгінгі күні 73 бала бар. Оның 13-і – шағын орталықтың тәрбиеленушісі. Өкінішке қарай, көптен күрделі жөндеу көрмеген мектептің кесірінен шағын орталықтағы балғындар да жапа шегуде.  Осылай деген ауыл тұрғыны Алтын Мұсабекова:

– Мектеп ішіндегі шағын орталық бірінші қабатта орналасқандықтан әйнектен де, еденнен де суық келеді. Сөйтіп, салқын күндері кішкентай балалар мектепалды мекемеге 1 апта барса, 2 апта ауырып үйде жатады. Ал қыстың аязды күндерінде шағын орталыққа 1 жылытқыш қосып қояды, екіншісін қосса, электр желісі көтермейді. Себебі, ол да ескіріп тұр. Жалпы, мектебіміздің халі мүшкіл. Шатыры тозған, тамшылаған сулардан төбесі сарғайып кеткен. Мәжіліс залы бар болғанымен, онда мерекелік іс-шаралар өтпейді. Өйткені, жағдай жоқ. Мектеп ішіндегі дәретханаларға да дұрыстап су өткізілмеген. Асхана да ыңғайсыз. Ондағы электр плиталары ескірген, аспаздар тамақ пісіруде қиналады. Оның іші қыстың күні өте салқын болатындықтан, балаларға дайындап қойған тамақтар 5-10 минуттың ішінде суып қалады. Ауылдағы ата-аналарды осындай мәселелер толғандырады, – дейді. Осылайша, кезінде 300 орынға арналып салынған 3 қабатты мектептің сыртқы сылағы үгітіліп түсіп, есік-терезелері мен электр желілері ескіріп, оқушыларға қолайсыздық тудыруда. Бұл жағдаймен де жақсы таныс болған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мая Багиенова:

– Майқоңыр жалпы орта білім беру мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Амандық болса, 2025 жылы бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынады деп жоспарлануда. Соңғы уақытта біздің аудандағы білім беру нысандарын жөндеу жұмыстарына баса мән берілуде. Айталық, алдағы уақытта Қараағаш шағын мектебінің шатырын жаңалауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Қарақұдық ауылындағы мектеп 64 млн теңге грант ұтып алды. Қазір қомақты қаржыны қандай мақсатқа жұмсау керектігін ойланудамыз. 2022 жылы 6 мектеп, 2023 жылы 1 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Рет-ретімен барлық білім беру мекемесінің мәселесі шешіледі деген үміттеміз, – дейді. Майқоңыр ауылының әкімі Асылбек Құсайыновтың айтуынша, қазіргі уақытта елді мекенде 294 адам бар. Оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар қатары артқан. Соған қарағанда, ауылдың болашағы жарқын екеніне еш күмән жоқ.

– Майқоңыр ауылы шекараға жақын орналасқан. Мұнда халық санын арттырудың маңызы зор. Ол үшін жағдай жасалуы тиіс. Келесі жылы балаларға арналған ойын алаңын салу жоспарымыз бар. 2025 жылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарла-масы бойынша мектебімізге күрделі жөндеу жүргізіліп, ауыл көшелеріне жол салу мәселесі көзделуде, – дейді Асылбек Бапанұлы. Ертіс аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, мұнда барлығы 25 мектеп жұмыс істеуде. Оның ішінде 11 қазақ, 13 аралас, 1 орыс тілінде оқытатын білім ордасы бар. Бұл мекемелерде 2 604 оқушы оқиды. Өкініштісі, қазақ мектептерінің саны көп болғанымен, аудандағы оқушылардың 47 пайызы ғана мемлекеттік тілде білім алады екен.

Ертіс ауданының шалғай ауылдарында әрі шекара шебінде жатқан қазақ мектептерінің қазіргі жағдайы шынымен де мүшкіл. Жауапты сала өкілдері бұл білім ордаларының мәселесі бір-екі жылдың ішінде толық шешіледі деп сендіріп отыр. Сол күнге жетуге тілекшіміз! Әйтпегенде, шекараға жақын ауылдарда халық санын көбейту қиынға соқпақ. Сондай-ақ, мәселе алыс ауылдардағы қара домалақтарға қатысты болғандықтан олардың заман талабына сай жайлы да жақсы білім алуы маңызды. Бұл ретте, Президентіміз де ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою керектігін қатаң тапсырғанын атап өткен жөн. Ал аталған міндетті орындау–ел сенім артқан атқамінерлерге сын!

Нұржайна ШОДЫР.