Соңғы жылдары аудан көлемінде, оның ішінде, ауылдық eлді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау бойынша бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы күнін мерекелеу аясында Богатырь ауылында сумен жабдықтау объектісінің ашылу салтанаты өтті.

Үкімет халықтың әл-ауқатын арттырып, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламаларды қабылдап, сәтті жүзеге асырып келеді. Соның бірі – елді сапалы ауыз сумен қамту мәселесі. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ағымдағы жылы Богатырь ауылында да сыртқы су құбыры желілерінің құрылысы жүргізілді. Аталған объектінің мердігері «ИНЭК Қазақстан» ЖШС болып табылады.

– Бұрын ауыл ішіндегі құдықтарды пайдаланып келдік. Енді, міне, су құбырлары үйлердің ішіне дейін тартылды. Судың сапасы да жақсы. Бұл – мемлекеттің халыққа көрсетіп отырған қамқорлығының көрінісі. Нәтижесінде, көптеген ауылдарға, әсіресе, шалғайдағы елді мекендерге су тартылып, ел сапалы ауызсуға қарық болды, – дейді ауыл тұрғындары.

 

А.МҰҚЫШЕВ.