Бекет ашылды

Қыр 3, 2026

Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылында еліміздегі 242-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті төрт ауыл мен Ақсу қаласының екі шағын ауданын өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл аумақтарда шамамен 4 мың адам тұрады. 

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов, Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Аманов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Әмрин, департаменттің жеке құрамы және азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысты.

Жаңа бекетте қызметкерлер үшін тәулік бойы кезекшілік атқаруға қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік-тұрмыстық блокта операторлық бөлме, демалыс және тамақтану бөлмелері, санитарлық-тұрмыстық аймақтар қарастырылған. Бекет жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған. Аумақта автоматты қақпа мен сыртқы жарықтандыру орнатылған.

Нысан тез құрастырылатын конструкциялардан тұрғызылған және екі өрт сөндіру автокөлігін орналастыруға есептелген. Бекетте автокөлік, қажетті құрал-жабдықтар, өрт сөндіру автоцистернасы, байланыс құралдары бар. Мұнда бет-әлпетті тану және бейнебақылау жүйелері енгізілген. Камералардағы ақпарат бірден Ақсу қаласының өрт сөндіру бөліміне түседі.

Жаңа бекеттің ашылуы өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартуға, жедел әрекет ету жылдамдығы мен өртті сөндіру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шалғай елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздігін нығайтуға және оларды төтенше жағдайлардан қорғау деңгейін арттыруға жасалған маңызды қадам болмақ.

Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА. 

Ақсу қаласы