Осыдан 5-6 жыл бұрын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші бойынша Павлодар облысы республикада көш соңында болатын. Бұл мәселе Үкіметте талқыланып, осы уақытқа сумен қамту жобаларын жүзеге асыру үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлініп келеді. Нәтижесі жаман емес. Бүгінде ауылдарды орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 95 пайызға жеткен.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салханов тұрғындарды сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша ақпарат берді.
– Бүгінде облыстың қалаларында тұрғындарды орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамту 96 пайызды құрайды. Биыл 3 066,9 млн теңге қаражатқа 4,1 км желіні қайта жаңарту және салу бойынша 7 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 97 пайызға дейін артады деп күтілуде, – деді басқарма басшысы.
Енді ауылдық елді мекендердегі ахуалға тоқталсақ. Облыс аумағында 352 елді мекен бар. Онда 222 033 адам қоныс тепкен. Бүгінде 211 246 адам (95,1 пайыз) таза ауызсуға қол жеткізген. 198 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі, ал 96 елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылған. Қалған 58 ауылдың тұрғындары суды ұңғымалардан пайдаланады.
– Биыл ауылдық жерлерде 15,3 млрд теңге сомасына 44 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде қолжетімділік көрсеткішіне әсер ететін 25 жоба және қолданыстағы сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту жөніндегі 19 жоба бар. Биыл аталған жобаларды іске асыру ауылдарда орталықтандырылған сумен қамтамасыз етудің қолжетімділігін 95,1 пайыздан 96,3 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Е.Салханов.Аймағымызда проблемалық жобалар да бар. Мәселен, «Дәнекер» мердігерінің шала әрекеті салдарынан Баянауыл ауданындағы Сұлужон, Майкөбе, Лекер және Қызылшілік елді мекендеріндегі жобалар уақытылы аяқталмаған. Төрт бірдей ауылдағы жобаны бір мердігерге сеніп тапсыру дұрыс па? Бүгінде жергілікті әкімдік мердігерді сотқа берген. Ал жобаларды аяқтау үшін облыстық бюджеттен қосымша қаражат қарастырылып отыр. Сөйтіп, аталған ауылдардың тұрғындары биыл сапалы ауызсуға қол жеткізбек.
Оралхан ҚОЖАНОВ.