Павлодар ауданының Кемеңгер ауылы мәдениет үйінің ауласында дәстүрлі Қымызмұрындық мерекесі тойланды. Іс-шара облыстық «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің және аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық мәдениет үйінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.

Қымыз тойына арналған мерекелік шараға аудан әкімі Николай Дычко, облыстық «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова қатысып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.

– Павлодар ауданы – менің туып-өскен жерім. Бұл өңірден көптеген белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар шыққан. Ал Қымызмұрындық мерекесі сонау 1995 жылдары Зара Қожахметова анамыздың бастамасымен ұйымдастырыла бастады. Міне, содан кейін қымыз тойын өткізу дәстүрге айналды. Ертіс–Баян өңірінде Қымызмұрындық жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бұл шараға Павлодар ауданы аналар кеңесінің, «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшелері айрықша еңбек сіңірді,  – дейді Бақытжамал Шаханқызы.

Осы күні Кемеңгер ауылы мәдениет үйінің ауласына шағын қазақ ауылы бой көтерді. Қазақтың алты қанатты ақ ордалары құрылып, оның жанына алтыбақан, жер ошақ, самауырлар қойылып, ежелгі дәстүрлеріміз қайта жаңғыртылды. Одан бөлек, күбі ыстау, қымыз пісу, жүн түту, киіз басу секілді ұмытылып бара жатқан ұлттық кәсіп түрлері көрсетілді. Ал алаңда «Құрт – ұлттық тағам», «Асыл қазына» көрмелері ұйымдастырылды.

Мерекелік шара барысында ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан және қазақ халқының салт-дәстүрін кеңінен дамытып жүрген әжелерге «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің белгілері тағылды. Марапат иелерінің ең үлкені – 95 жастағы Серікпаева Қайкен Қабдықалыққызы. Павлодар ауданының құрдасына «Дара жол» медалі табысталды. Сонымен қатар, «Нұр–Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған белсенді  мүшесі Ахметова Роза,  «Нұр–Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің негізін қалағандардың бірі, көпбалалы ана Бейсекенова Үміт, қолөнер шебері, аудандық, облыстық, халықаралық  қолөнер шеберлері көрмесінің жеңімпазы, зейнеткер Апи Шамшия, ардагер ұстаз, қолөнер шебері Бақыт Көппаева, көпбалалы ана, қолөнер шебері Халима Күлжан, 2021 жылғы облыстық «Көрпе Fеst» мега- фестивалінің жеңімпазы Жұмағұлова Баян «Дара жол» және «Алтын алқа» медалімен марапатталды.

Тілеуберді Сахаба.