Бүгінде Екібастұз қаласының ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын әрі шағын және орта бизнесті дамытатын әлеуеті зор. Күрмеулі мәселелер де жоқ емес. Ендігі ретте мұның барлығы іскерлік кеңес барысында талқыланатын болады.
Жергілікті биліктің бастамасымен өңірдегі кәсіпкерлікке қатысты маңызды мәселелерді талқылау үшін диалог алаңын құру ұйғарылды. Бұл кеңестің құрамында ірі, орта және шағын бизнес өкілдері бар. Сондай-ақ, салалық мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де кәсіпкерлермен кеңес жұмысы аясында бірлесе іс атқаратын болады.
— Аталмыш кеңес ісі ілгерілеп тұрған кәсіпкерлік нысандарына ғана емес, енді ғана қолға алынып жатқан бизнес жобалардың сәтті жүзеге асуына да көмектеседі. Алғашқы кездесу барысында мемлекеттік бағдарламаларды талқыладық. Бұл ретте Екібастұз өңірінде мемлекеттік қолдау жақсы көрсетіліп келеді, — деді қала әкімі Аян Бейсекин.
Өз кезегінде кәсіпкерлер олардың құқықтарын қорғау, жер және салық заңнамасындағы жаңашылдықтар сынды мәселелерді көтерді. Айта кетейік, іскерлік кеңестің құрамына кез келген бизнес өкілі қосыла алады.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.