№1 Ертіс орта мектебінің 7 «Б»-сынып оқушысы Дамиль Шманов  14 жасқа дейінгі балалар арасындағы баскетболдан облыс намысын қорғап, күміс медальға ие болды.

Спортқа жаны құмар дарынды оқушы баскетболдан облыс құрама командасының құрамында ойнайды. Дамиль №1 және №4 Ертіс орта мектептерінде секцияларға қатысады. Сонымен қатар, мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. Жас спортшыны дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері В.Карякин, М.Абдалинов, Ч.Абсалямовтар жарысқа дайындайды. Дамиль Шманов баскетболдан өтетін аудандық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, үздік 5 ойыншының қатарына іліккен. Кейін облыстық құрамның қатарына еніп, республикалық жарысқа дайындалады.

– Республикалық жарыста қарсыласымыз өте мықты команда болды. Қарағанды қаласынан келген баскетболшылармен өткен жарыс есімде жақсы сақталды. Соңғы секундтарда салынған 2 ұпайдың арқасында жеңіске жеттік. Финалда Атырау қаласынан келген құрама командасынан жеңіліп қалдық. Болашақта жеңіс тұғырынан көрінеміз деген ойдамын, – дейді жас спортшы.

Атап өтерлігі, Дамиль Шманов – мектепте үлгілі оқушы. Сабақты «4» және «5» деген бағаға оқитын оқу озаты.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ