Қоян жылы қаражарлық балалар үшін қуанышқа толы болды. Олай дейтініміз, осы жылы Баянауыл ауданының Ақсаң ауылдық округіне қарасты Қаражар ауылында заманауи үлгідегі жаңа мектептің тұсауы кесілді.
Тәуелсіздік алғалы аудан бойынша алғаш рет салынған жаңа мектеп «ERG» кәсіпорны мен Павлодар облысының әкімдігі арасында жасалған әлеуметтік әріптестік туралы меморандум аясында бой көтерген. Білім беру мекемесі 100 балаға лайықталған. Айта кетерлігі, бұған дейін ауыл балалары оқыған 9 жылдық шағын мектеп апаттық деп танылған еді. Бұл жағдайдан кейін бірден шешім қабылданып, қысқа мерзім ішінде қабырғасы қаланған жаңа білім ордасы енді 11 жылдық негізгі мектеп мәртебесіне ауыстырылмақ. Бастысы, жылдар бойы заманауи мектепті аңсаған ауыл балаларының арманы орындалды. Білім ордасында заман талабына сай етіп жабдықталған 11 оқу кабинеті бар. Мектеп кітапханасы жаңа оқулықтармен толықты. Асхана мен спорт зал заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Сонымен қатар, мұнда смарт оқыту тақталары орнатылған. Сол арқылы ауыл балалары қатарынан қалмай, сапалы білім алатын болады. Білім ордасында шеберхана, мәжіліс залы, шағын орталықтар мен IT-сыныптары да бар. Бұдан бөлек, спорт және ойын алаңдары салынған. Мұндай заманауи мектебі бар ауылдың болашағы да жарқын болары сөзсіз.