Екібастұз қаласындағы Шахтерлар паркінде соңғы екі жылда кең ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы мердігер компания инженерлік-коммуникациялық желілерді тартса, биыл абаттандыру ісіне кірісті.
Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен келген уақытта жергілікті жұртшылық қаладағы үлкен саябақты қалпына келтіруді сұраған еді. Одан соң тұрғындармен кездесулер өтіп, олардың ұсыныстары ескеріліп, урбанизация бойынша мамандар жобаны әзірлеуге кірісті. Нәтижесінде қазынадан қомақты қаражат бөлініп, парк өзгеріп келеді. Таяуда шаһар басшысы Аян Бейсекин атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексеріп қайтты.
Қала әкімінің айтуынша, жаңарту кезінде тұрғындардың архитектуралық формалар, спорт алаңдары, жасыл желек түрлеріне қатысты пікірлері ескерілді. Бүгінде барлық іс белгіленген кестеге сәйкес жүріп жатыр.
— Алғашқы бөлігін маусым айында ашық аспан астындағы сахнамен бірге ашуды жоспарлап отырмыз. Ал абаттандыру ісі тамыз айында толығымен аяқталады. Бұл ретте күзгі уақытта көшеттер де отырғызылады, —
деді А.Бейсекин.
Осылайша, қала тұрғындары мен қонақтары жаз мезгілінде жаңарған саябаққа барып, бір тынығып қайта алады.Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ
