Таяуда Елордада еліміздегі ең үздік ауылдарды анықтауға арналған «Үздік туристік ауыл–2026» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Конкурс қорытындысы бойынша Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр ауылы үздік бестіктің қатарына енді.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған байқауға еліміздегі ең көрікті деген
13 ауылдық елді мекен ұсынылып, туристік әлеуеті жан-жақты сарапқа салынған. Нәтижесінде, 5 үздік ауыл таңдалып алынды. Олардың қатарындағы Торайғыр ауылы «Үздік туристік ауыл–2026» мәртебесін иеленіп, ғажайып табиғаты және бай тарихымен көпшілікті таңқалдырды.
Қуантарлығы, алдағы уақытта аталған туристік ауылды ары қарай көркейту жұмыстары жалғасын таппақ. Осы мақсатта келесі жылы Торайғыр көлінің жағалауын абаттандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Жаңа демалыс аймақтарын құру, инфрақұрылымды жаңарту мен ауылдың көркін арттыру – тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы жағдай жасайтыны сөзсіз, дейді баянауылдықтар.
Н.ШОДЫР.
Баянауыл ауданы
