Тұрғындар өтінішіне құлақ асуда

Қаз 1, 2026

Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Аманов тұрғындардың өтініші бойынша шаһар аралап, мәселелерін шешу жолдарын қарастыруда. Бұл жолы әлеуметтік желі арқылы түскен өтініштер негізінде қаланың Беловка шағын ауданы тұрғындарына арнайы барды.    

– Қазіргі таңда 2027 жылға атқарылатын жұмыстар тізімін түзіп жатырмыз. Барлық өтініштер бойынша барып, танысу маңызды. Қай жерде қандай жұмыстар қажеттігін анықтаймыз. Жаяу жүргіншілер жолын реттеу, абаттандыру, жарықтандыру мәселелері ескеріледі, – деді қала әкімі.

Шағын аудан тұрғындарымен кездесуде көше жарығын орнату, ағаштарды кесу, және қоқыс шығару сияқты өзекті мәселелер талқыланған. Шаһар басшысы бұл аудан тұрғындарына бір аптада ретке келтіретін жұмыстар жедел атқарылатынын, ал уақыт талап ететін шаралар келесі жылдың жоспарына енгізілетінін мәлім етті.

Сонымен қатар, қала әкімі №14 және №15 шағын аудандарды тұрақты әрі үздіксіз электрмен қамтамасыз ететін әуе электр желісінің құрылысы барысымен де танысты.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.

Ақсу қаласы