Өңірде мал азығын дайындау науқаны қарқын алды. Дала төсін дүбірге бөлеген шаруалар жыл сайынғы дәстүр бойынша шөп шабу маусымына қажетті барлық техниканы жұмылдыруда.
Жергілікті шаруалар биылғы қуаңшылыққа қарамастан жем-шөп қорын ерте кезден әзірлеуге кірісті. Айта кетейік, егіс алқаптарын әртараптандыру саясатына сәйкес, аймақтағы егіс құрылымында мал азығы дақылдары 23,6 мың гектарға ұлғайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жоспар бойынша биыл 1641,5 мың тонна шөп әзірлеу қажет. Соның бүгінде 208,3 мың тоннасы, яғни 12,7 пайызы дайын. Сонымен бірге пішендеме, сабан, жемдік азық, сүрлем әзірлеу жұмыстары да талапқа сай жүріп жатыр. Бұл істе, әсіресе, жаздың аптап ыстығына қарамастан дала төсін дүбірге бөлеп, маңдай терлете еңбектеніп жүрген шаруалардың атқарып жүрген жұмысы жоғары бағаға лайық деуге болады. Павлодар ауданында орналасқан «Арман» шаруа қожалығының иесі, ардагер агроном Айталы Бейсенов бүгінде мал шаруашылығы саласында жемшөп мәселесін жолға қою аса маңызды болып отырғанын айтады. Биыл Павлодар облысында қуаңшылықтан сақтану шаралары қолға алынып, малға жем-азық дайындау үшін субсидия есебінде бюджеттен 2 млрд теңге бөлінбек. Алайда, агрономның айтуынша, бұл түйткілді түбімен шешпейді. Себебі, тек біздің облысымызда емес, күллі елімізде жемшөп өндірісінің даму қарқыны мал шаруашылығының дамуына ілесе алмай, артта қалғаны жасырын емес. Ал жем-шөп проблемасын шешпейінше, мал өнімдерін өндіруде өнімділікті арттыра түсеміз деу бос әурешілік.
— Малазықтық және дәнді дақылдарды араластырып немесе кезектестіре егу жүйесінің тиімділігін анықтадық. Ауыспалы егістің нәтижесін көруге уақыт керек. Мысалға, бес танапты жүйемен малазықтық дақылдарды өсіру нәтижесін білуге бес жыл мерзім керек. Көпжылдық шөптермен дәнді дақылдарды кезектестіре егуге болады. Біздегі көп жылдық шөптер алқабын қалыптасқан әдіс бойынша бастапқы екі жылда шабындық ретінде пайдаланып, одан кейінгі жылдары жайылымға айналдырамыз. Мұндай алқапқа бірнеше шөп дақылды, соның ішінде эспарцет, түйежоңышқа немесе жоңышқа араластырып егетіндіктен, табиғи жайылыммен салыстырғанда шөбінің өнімділігі және сапасы жоғары болады. Жыл сайын осылайша көп жылдық шөптерді егіп жүрміз. Бес жылдан соң сол алқапты қопсытып жырту арқылы дәнді дақылдар егуге дайындаймыз. Алтыншы, жетінші жылдары мысалға, арпа, сұлы, бидай, жүгері секілді дәнді дақылдар егіледі, — деді агроном. Сонымен қатар, Айталы Бейсеновтің сөзінше, қазіргі уақытта шаруалар ширақтық танытып, ауа райының ашық күндерінде шөпті шауып, аптап ыстықта оның нәрі түгелдей жойылып кетпей тұрғанда жинап алу қажет. Әдетте мал азығын дайындау маусым, шілде айларында жүреді. Осы уақыт аралығында үлгермей қалсаң, әрі қарай шөп қурап, бойындағы нәрі азаяды.
— Биыл ел бойынша қуаңшылық болып тұр. Бұл біз үшін қойлайсыз жағдай тудырады. Жер құрғақ. Дала өртінен сақтану үшін таңғы және кешкі салқын мезгілді тиімді пайдаланып, шөп дайындап жатырмыз. Дегенмен, шөптің шығым-дылығы жаман емес, жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда орташа деңгейде. Таза жоңыш-қаға орақ әлі түскен жоқ. Оны 1-2 аптадан кейін оратын боламыз. Шөп шабу науқанын жүргізу үшін жеңілдетілген жанар-жағармай алдық. Енді кезекте мал азығын уақтылы жинап, бұл науқанды жақсы көрсеткішпен аяқтау керек, — деді А.Бейсенов.
Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.