Кейбіреулер қора толы малы, астық толы қамбасы бар деп олардың өмірін ертегіге теңейді. Шын мәнінде тәуекелге басын байлаған шаруалар ыстықты да, суықта да маңдай терін сарп етіп жүр. Биыл табиғаттың тосын мінезі де оңайға соқпайын деп тұр.

Оралхан ҚОЖАНОВ

Нақты шешім жоқ

Жуырда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Арсютин павлодарлық шаруалармен кездесіп, проблемаларына құлақ түрді. Енді оны Үкіметке, құзырлы органдарға жеткізу аманат. Қазіргі таңдағы шаруашылықтарға ортақ проблема – қуаңшылық. Шаруалар өңірде төтенше жағдай жариялануын сұрайды. Бұл – шығындардың өтелуіне, несие төлемінің уақытын шегеруге мүмкіндік бермек. Қайда барсаң шаруалар шыр-пыр болып жүр. Әзірге әкімдік тарапынан нақты шешімдер айтылған жоқ. Тек 2 млрд теңге субсидия қарастырылғаны ғана белгілі. Оның өзі өзгеге тиесілі субсидия. Яғни, басқа шаруаның аузынан жырып бермекші. Екі миллиард теңгенің кімге жететіні де әлі түсініксіз.

Ұсақ шаруалардың ұпайы түгел ме?

Жалпы, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау жылдан-жылға артуда деп бөркімізді аспанға атқанмен, ұсақ шаруалар тасада қалып қоятыны жасырын емес. Не кепілдік заты жоқ, не дұрыс жөн сілтейтін маман тапшы. Қолдауды сезінбеген соң бағытынан жаңылып, «бұрынғыдай жеке аулада 4-5 сиыр
асырап жүргенім тыныш» деп үлкен арманынан қол үзеді. Бүгінде екінші деңгейлі банктердің агросекторды несиелендіру үлесі мүлдем мардымсыз. Банктер шаруаларға несие беруден қашқақтайды. Сондықтан да қаржыландыру «ҚазАгроҚаржы» және «Аграрлық несие корпорациясының» еншісіне тиген. Олардың да беріп отырған қаржысы агроөнеркәсіптік кешенді толық қамти алмайды. Екінші деңгейлі банктердің үркитін жөні бар. Себебі ауыл шаруашылығы тәуекелі жоғары бизнес. Яғни, 1-2 жылда табыс әкелетін кәсіп емес. Өз-өзін ақтап, толық айналымға шығу үшін, ештеңе кедергі болмады дегеннің өзінде 3-5 жыл уақыт керек. Жолға қойылғанның өзінде қайтадан тоқырауға ұшырауы да оңай. Сондықтан да екінші деңгейлі банктер несие берген күннің өзінде де олардың несие саясаты шаруалар үшін өте қиын. Олар кепілге бағасы жоғары үй немесе қымбат техникаларды сұрайды. Әрі оларды төмен бағалайды. Ал ондай нәрсе екінің бірінде жоқ. Көбіне ондай несиені ірі, аяғынан тұрған шаруашылықтар ғана ала алады.

 

Агробанк қажет

Агроөндірістік кешен дотациялық сипатқа ие. Оған субсидияны көбейту, несие саясатын түзеу және аз пайызбен несие беру керек. Осы орайда жергілікті шаруалар жылына 1-2 пайыздық мөлшерлемемен ұзақ мерзімге несие беретін агробанк құру идеясын қолдайды. Тікелей ауыл шаруашылығын несиелендірумен айналысатын арнайы банк болса тиімділігі көп болмақ. Өйткені қазіргі «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» несиені 14-17 пайызбен береді. Оның сосын 10 пайызын субсидиялайды. Сонда айналып келгенде бәрібір де 4-6 пайызға шығады. Бұл жүйені құртып, оның орнына бір көзден қаржыландыратындай етіп, өз алдына арнайы агробанк құру мәселесі алғашқы жыл айтылып жүрген жоқ. Ең көп дегенде 3 пайызбен несие берсе, шаруаға қажеті де сол. Несие аламын, одан кейін субсидия аламын деп басын қатырып, бір жүгіргенде екі жүгіріп құжат дайындап жүрмейді. Ауыл шаруашылығында тәуекелдің жоғары болу себебі көптеген сыртқы факторға байланысты. Өндірістік процестегі шығындарды қоспағанда, ауа райының қолайсыздығынан егіннің шықпай қалуы, түрлі аурулардан мал мен құстың қырылып қалуы, нарыққа, мәселен, экспортқа жол жабылып, нақақ шығынға батуы – күнделікті көріп-біліп жүрген жайттар. Сондықтан да банктер агросектор десе ат тонын ала қашады. Ал Үкімет тарапынан жасалып отырған бюджеттік несиелендіру немесе субсидиялау шаралары шаруаларды толықтай қамти алып отырған жоқ. Мәселен, 2021 жылдың соңына ауыл шаруашылығын субсидиялау тапшылығы 80 млрд теңге болды. Бұл проблеманы мемлекет қараша-желтоқсан айларында бюджеттен қосымша ақша бөліп, шешуге тырысқанымен, бұл тек жыртыққа жамау ғана болды. Жиынға қатысқан облыстық мәслихаттың депутаты Нағимаш Жүсіпованың айтуынша, бюджеттік несиелердің көлемі өте аз.

– Мысалы, Аграрлық несие корпорациясы арқылы жүзеге асырылатын көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға арналған «Кең дала» бағдарламасына жыл сайын 70 млрд теңге бөлінеді. Орташа есеппен 1 га-ға жұмсалатын шығындар 50 мыңнан жоғары, ал Қазақстандағы егістік алқабының көлемін ескерсек, онда егіс науқанын жүргізу үшін 700 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Бұл – барлық өңірге ортақ проблема. Осы тұста өз қаражаты есебінен егіс науқанын жүргізетін шаруаларды ескергеннің өзінде, тек көктемгі дала жұмыстарына бюджеттік несие көлемі 300 млрд теңге шамасында болуы қажет, – дейді ол. Жағдайды тығырықтан алып шығу үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан көптеген ұсыныстар айтылған. Мәселен, шаруалардың егінді сақтандыруын ынталандыру үшін әуелі сақтандырудағы сыйақы мөлшерлемесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайту қажет. Әрі бұл мемлекеттік қолдау ұзақмерзімді, яғни 5 жылдан астам болуы тиіс. Әйтпесе, шаруалар сақтандыру тетігіне көп жүгінбейтіндіктен, осы мақсатқа қарастырылған қаражат жыл соңында кейін бюджетке қайтарылып жатады екен.

Қағазбастылық көп

Дамыған экономиканың айнасы – экспорт. Соңғы жылдары отандық тауар өндірушілердің өнімдерін шетелге шығару мақсатында жүргізілген кешенді шаралар тиімді нәтижелерін беруде. Еліміздің экспорттық әлеуеті жылдан-жылға өсіп, қазақстандық тауарларға қызығушылардың қатары артуда. Өнімді шығару бір бөлек, оны тиімді бағамен өткізу, әсіресе шетелге жөнелту тауар өндірушілердің басты мақсаты. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстан әлемнің 120-ға жуық еліне 960-тан астам тауар түрін экспорттайды екен. Жаһандық нарықты уран, ұн және бидаймен қамтамасыз ету бойынша көшбасшылардың қатарында. Экспортқа шығарылатын тауарлар құрылымында минералдық шикізат көлемі әлі де басымдық танытқанымен (экспорт көлемінің 70-ке жуық пайызы) шикізатқа жатпайтын тауарлар экспорттау көлемі де айтарлықтай өскенін атап өткен жөн. Еншісіне бұйырған бақты тиімді пайдаланып, мол табысқа кенелгендердің қатарында павлодарлық тауар өндірушілер де бар. Жергілікті өнімдер көбіне Өзбекстен, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Қытай, Украина, Ауғанстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Германия, Польша және Австрияға жөнелтілетін көрінеді. Аймағымыздағы экспорттаушы ірі кәсіпорындардың қатарында «Аслан», «Иртышские Мельницы», «Абай», «Жақсы-Астық», «Ақтоғай-Агро», «Рубиком», «Мяском», «Ақжар Өндіріс», «КЭММИ» серіктестіктері, «Ертіс-Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және өзге де шаруа қожалықтары бар. Май ауданындағы «Ақжар Өндіріс» ЖШС-нің басшысы Гүлзира Қызылованың айтуынша, өнімді экспорттау кезінде көптеген кедергілер көсе-көлденең шығады.

– Ең әуелі аудандық ветеринария бөліміне өтініш тапсырасыз. Құжат прокуратурада тіркеледі. Ветеринарлық-санитарлық дәйектемесін алу ісі 5 күнге дейін жалғасады. Қызмет ақылы. Кейін өндіріс нысанының есептік нөмірін алу үшін тағы сандаласыз. Ел ішінде есептік нөмір болса да, Кедендік Одақ құрамындағы елдерге ортақ ережелерге сәйкес, тағы да алуға мәжбүрсіз. Оған 7 күн уақыт қажет. Сосын отандық өндірушілерді Кедендік Одақтың реестріне тіркеу жұмыстары басталады. Одан кейін өнімді зертханада тексеру қажет. Кез келген зертхана қызмет көрсете алмайды. Бұл шара 1 күннен 25 күнге дейін жалғасады. Ал қызметі ақылы. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі кейде қатарынан екі-үш күн істемей тұратыны бар. Қысқасы, өнімді экспортау үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыру керексің. Айтпағым, бір-бірінің қызметін қайталайтын мекемелердегі жағдайды шешіп, «Бір терезе» жүйесін жандандыру керек, – дейді Г.Қызылова. Ия, бұл мәселе – экспорт ісіне араласқан барлық тауар өндірушілерге ортақ мәселе. Статистикаға сүйенсек, елімізде экспортты жүргізу операциясы импортпен салыстырғанда орташа есеппен 12 күнге артық екен. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде көш соңында екенбіз. Проблеманы шешу жолдары қарастырылған. «Бірыңғай терезе» порталы қолданысқа енгізіліп, жаңа жүйе электронды рұқсат құжаттары мен лицензияларды алу, кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың мәртебесін алу бойынша электронды қызмет, электрондық кедендік декларация, кедендік алдын ала шешімдерді беру бойынша электрондық қызмет, интеграцияланған кедендік тариф, анықтама және тізім құжаттары, нормативті құқықтық құжаттарды қарау және іздеу қызметтерін реттейді деп күтілген еді. Алайда, әзірге жүйенің тиімділігі сезіліп жатқан жоқ. Шетелге тауарын сатуға ұмтылған тауар өндірушілерді қолдаудың орнына жүктемені артып қоятынымыз өкінішті-ақ…