Биыл Ақтоғай ауданында атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Қай ауылға барсаңыз да жаңашылдықты табасыз. Мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде елді мекендердің ажары мен ғажабы арта түскен. Тұрғындардың жүзінен-ақ ауылдың көркейіп келе жатқанын аңғару қиын емес.

Оралхан ҚОЖАНОВ

Әрленген Әуелбек

Ақтоғай ауданындағы жарқын жобаларға көз жеткізу үшін бір топ журналист жолға шықтық. Бір күн ішінде барлық жобаларды көзбен көріп үлгермесек те, жергілікті әкімдік мамандары «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп әр ауылдағы жұмыстарды жіпке тізді. Әуелі Әуелбек ауылына аялдадық. Мұнда тұрғындардың өтініші бойынша 30 жылдан астам уақыт қаңырап бос тұрған мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бізді таң қалдырғаны, осыншама уақыт ғимараттың бұзылмай сақталып қалуы. Әйтпесе, көптеген ауылдардағы мәдениет үйлер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қирандыға айналып, қисық шегесіне дейін талан-таражға түскені белгілі. Ауыл тұрғыны, Қазақстанның Құрметті кітапханашысы, Ақтоғай ауданынның Құрметті азаматы Дана Жармакинаның айтуынша, мәдениет үйі 1981 жылдың 11 сәуірінде ашылған. Жабылғанға дейін мұнда түрлі тартымды іс-шаралар ұйымдастырылған. Тіпті, ауыл сахнасында елімізге танымал Роза Бағланова, Әлібек Дінішев, Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева сияқты әншілер өнер көрсеткен. Концертті тама-шалауға көрші ауылдардың тұрғындары да келіп, 400 орынды зал лық толы болған. Кітапханаға білім көкжиегін кеңейтуге ұмтыл-ғандардың санында да есеп болмапты. Қысқасы, «кезінде дүркіреп тұрған мәдениет үйі еді» деп осындайда айтылса керек.

– Мәдениет үйі жабылғаннан кейін қол қусырып отырмадым. Кітаптарымды құшақтап ауылдағы ғимараттардың аядай бір бөлмелеріне қоныстануға тура келді. Кітап қоры 16 мыңға жуық еді. Суық бөлмеде отырсақ та, кітапхана жұмысымен қатар ауылдың мәдени өмірін жандандыруға тырыстық. «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», өзге де ән-би бағытындағы аудандық сайыстарға қатысып, жүлделі оралдық. Кейін мектептен жылы орын бұйырды. Десе де, кітапхананың жеке ғимараты болғанға не жетсін? Осы оймен ауылдағы екі қабатты ғимараттың үстіңгі қабатын кітапханаға айналдыру ұсынысын айтып, аудан әкімінен қолдау сұрадым. Әзірге қаражаттың бөлінбейтіні айтылды. Еңсемді түсірмей, «қайтсем де ашамын» деген мақсатпен шама-шарқынша әрекет еттім. Отбасым, ауылдастарым барынша қолдады. Ақыры ұсынымыз қолдау тауып, 2007 жылы аудан басшылығы ауылдық клубты ашып берді. Екінші қабатында кітапхана өз жұмысын бастады. 2011 жылы зейнеткерлікке шықсам да, әлі күнге дейін ауылдың мәдени өмірін жандандыруға тырысып-ақ жүрмін. «Мәдениет үйінің ескі ғимараты жөнделеді» деген хабарды естігенде төбеміз көкке бір елі жетпегені рас. Игі іске мұрындық болған аудан әкіміне, құрылысқа атсалысып жүрген барша азаматтарға ауыл тұрғындары атынан шексіз алғысымды білдіремін, – деді Д.Жармакина. Ескі мәдениет үйінің құрылысы қолға алынса, ауылдық клубтың ғимараты тозған шығар деп ойлап едік. Ондағы көріністі көріп марқайып қалдық. Клуб қызметкерлері ғимаратты күтіп-ұстап жүргені сезіліп-ақ тұр. Бірінші қабаттың бір бөлігінде сахна мен көрермен залы орналасқан. Екінші бөлігінде кітапхана, ардагерлер клубы және коворкинг орталығы орын тепкен. Қай бөлмеге кірсең де мұнтаздай тап-таза, жайлы. Клуб меңгерушісі, танымал ком-
позитор Шәкен Рақышевтің шәкірті Жасталап Орынбаевтың әңгімесінен өз жұмысына деген адалдықты аңғардық. Енді құрылыс жұмыстарына тоқталайық. Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мұхитовтың айтуынша, әу баста ескі мәдениет үйін жөндеуге жарамдылығын анықтау үшін сараптама жүргізілген.

– Сараптамаға сәйкес, ғимаратты әрі қарай пайдалануға болатыны анықталды. Кейін аудандық бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Биыл Қараоба ауылдық округі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына еніп, жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Жоба бюджеттік комиссияға жолданып, қолдау тапты. Жөндеу жұмыстарына 156 миллион теңге қаражат бөлініп, қызылордалық «Иман» ЖШС жеңімпаз атанды. Жөндеу жұмыстары 5 айға созылып, биыл 12 қыркүйекте аяқталады деп күтілуде. Жобаға сәйкес, сахна мен 100 орынды көрермен залы, заманауи жабдықталған бөлмелер, өзге де жаңашылдықтар орын алады. Бір атап өтерлігі орындықтар жиналмалы болады. Яғни, концерт өткізілмейтін уақытта залда өзге де мәдени-спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік бар, – дейді бөлім басшысы. Белгілі болғандай, ауылдық клуб мәдениет үйіне көшсе, клуб ғимаратын балабақшаға айналдыру жоспарда бар. Аудандық өнер мектебінің филиалын ашу немесе шағын бизнес өкілдеріне жалға беру ұсынысы да айтылуда.  «Ауыл – ел бесігі» бағдарла-
масы шеңберінде Әуелбек ауылындағы 6 шақырым жол орташа жөндеуден өткен. Тиісті жұмыстарға 183,3 миллион теңге қаражат бөлініп, жауапты мердігер «Нурал» ЖШС жөндеуді уақытылы аяқтаған. Енді жобаны қабылдап алу жұмыстары жалғасуда. Ауыл тұрғыны, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мағауия Рахимов соңғы жылдары ауылда атқарылып жатқан игі істерге оң бағасын берді.

– Ауылішілік жолдарға өткен ғасырдың 80-жылдары асфальт төселген. Осы уақытқа дейін тоз-тозы шығып, ой-шұңқырға айналды. Жаңбыр жауса ми батпақ болатын. Биыл жолдарға орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әжептәуір жаңарып қалды. Бір сәтте жолдың бәріне асфальт төсеу мүмкін емес екенін түсінеміз. Кезең-кезеңмен атқарылса құба-құп. Жалпы, соңғы жылдары ауылымыздың ажары артып, көптеген жаңашылдықтар орын алып жатыр. Сапалы ауыз- су мәселесі шешімін тауып, мектебімізге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Биыл мәдениет үйі күрделі және дәрігерлік амбулатория жөндеуден өтуде. Өтінішімізге құлақ асып, ұсынысымызды жерге тастамаған облыс басшылығына, аудан әкіміне, әкімдік қызмет-керлеріне зор алғысымды білді-ремін, – деді ақсақал. Айтпақшы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қараоба ауылындағы 3 шақырым жол да орташа жөндеуден өткен. Бұл бағытқа 73,7 миллион теңге бөлінген.

Жөнделген жолмен жүйткиді

Жол демекші, Ақтоғай ауданының шекарасында 460,8 шақырым автомобиль жолы тіркелген. Оның 86,1 шақырымы – республикалық маңызы бар жол. Облыстық маңызы бар 164 км жол болса, 210,7 шақырымы аудандық маңызға ие. Биыл «Ленинск-Иртышск-Русская Поляна» республикалық автожолының 117-129 шақырымын орташа жөндеуден өткізу көзделген. «АЗА» ЖШС бас мердігер ретінде танылып, жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қала берді, облыстық маңызы бар «Ақтоғай-Шолақсор» автожолының 111,67-122,47 (10,8) шақырымы орташа жөндеуден өткен. Ал 14-15, 29-30, 35-48, 50-54, 59-60, 72-76 (жалпы ұзындығы 24 км) шақырым жолда тиісті жұмыстар жалғасуда. Жауапты мердігер – «Гордорстрой» ЖШС Аудандық маңызы бар жолдардың жөнделуіне тоқталсақ, биыл Разумовка-Басқамыс автожолы, Барлыбай ауылына кіреберіс жол, «Басқамыс-Қарақоға-Шұға» бағытындағы жолдар жаңа кейіпке енбек. Аудан орталығында да жолдың сапасы назардан тыс қалмақ емес. Былтыр ауданда «Халық қатысатын Бюджет» жобасы алғаш рет қолға алынып, биыл нақты жүзеге асқанын атап өткен жөн. Оған сәйкес, тұрғындар абаттандыру бойынша қандай жоба қажет екенін өздері таңдайды. Міне, жаңашылдық! Бұрындары жұртшылық әкімдіктегілер халықпен санаспайды деп шағымданса, ендігі жерде жобаларды өздері реттеуге мүмкіндік бар. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көздегені де осы емес пе? Ақтоғай ауылының әкімі Қуаныш Пістебаевтың айтуынша, биыл жобаға сәйкес, Иса Байзақов көшесінің 0,8 шақырым жолы ағымдағы жөндеуден өткен. Жауап-
ты мердігер – «Ер-Алаш» ЖШС.

– Ең әуелі жоба жайлы аудандық газетте, әлеуметтік желілерде шарттары жарияланды. Кейін тұрғындардың пікірі назарға алынып, екі жоба таңдалды. Екінші кезеңде дауыс беру арқылы арқылы Иса Байзақов көшесіне жөндеу жүргізілетіні анықталды. Жөндеу жұмыстарына 38,7 миллион теңге қаражат бөлінді. Мердігер жұмыстарды 24 шілдеде аяқтады. Бұрындары бұл көшеде мүлдем асфальт болмаған еді. Жыл сайын қиыршық тас төселіп жүретін. Жобаға сәйкес, жол белгілері орнатылды. Келесі жылға да жобамыз дайын. Тұрғындардың таңдауымен мектепке апаратын жолдардың жағдайы назарға алынып отыр. Жалпы, ауылда көше жолдарының ұзындығы 33 шақырымды құрайды. Жыл сайын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 5 шақырымы ғана жөндеуді қажет етіп тұр, – дейді Қ.Пістебаев. Ауылішілік жолдардың жөнделіп жатқанына тұрғындар дән риза. Зейнеткер  Сәуле Комшина жобаға ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді.

– Иса Байзақов көшесінің тұрғынымын. Бұл көше жолының зардабын адамдар да, көліктер де әбден тартты. Жауын жауса батпаққа айналып, қатынауға қиындық тудыратын. Енді, міне, аз уақыттың ішінде жолға асфальт төселіп, адам танымастай болып өзгеріп шыға келді. Игі іске атсалысқан азаматтарға алғысым шексіз. Ендігі жерде асфальт төселді екен деп көлік иелері жылдамдықты арттырмасын деген тілегіміз бар. Бұл көшеде балалар көп. Қозғалыс қалың. Жүргізушілерді де, жаяу жүргіншілерді де жол ережесін сақтауға шақырамын, – деді зейнеткер.

 

Сапалы су – әр үйге!

Биыл Ақтоғай ауданында бір емес, жеті бірдей ауылда сумен қамту жобалары жалғасып жатыр. Жобалар сәтті жүзеге асса, халықты сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек! Аудандық экономиканың нақты сектор бөлімінің басшысы Серік Байбосыновтың айтуынша, бүгінде Жалаулы ауылында орталық-тандырылған су құбырының құры-
лысы жүргізілсе, Жаңатап, Жамбыл, Барлыбай, Шолақсор, Жоламан, Шұға ауылдарында жеңілдетілген су құбыры салынуда. Жауапты мердігерлер жұмыстарды кестеге сай атқаруда. Қожамжар ауылдық округінің әкімі Серік Тезекбаевтың айтуынша, Жамбыл ауылының әлеуметтік әлсіз топқа жататын тұрғындарына су құбыры үйіне дейін тартылып бермек. Көз жеткізгеніміздей, Биыл Ақтоғай ауданында мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде атқа-рылып жатқан жобалар аз емес. Бастысы – жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асуы. Алдағы уақытта да әр ауылда жарқын жұмыстар жалғасын табады деген сенім мол.

Ақтоғай ауданы.