Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында суды пайдалану жөнінде түйткілді мәселе жетерлік. Таусылмайтын табиғи ресурс болмайды. Тіпті, «судың да сұрауы бар». Осы орайда Үкіметке тіршілік көзінің әр тамшысына тиімді жүйе құру аса маңызды. Бұл туралы өткен аптада ҚР Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров пен жергілікті агроөнеркәсіп саласының мамандарымен өткен кездесуінде де сөз болды.

Бірыңғай есеп құрылады

Алдымен Айдарбек Қожаназаров Железин ауданы Алакөл ауылының аумағында орналасқан «Пахарь» шаруа қожалығына барып, етті-сүтті ірі қара мал өсірумен, көкөніс, жем-шөп, дәнді дақылдар егумен айналысатын шаруашылықтың жұмысымен танысты. Аталмыш шаруа қожалығының коммерциялық директоры Олег Литвиненко бүгінгі таңда шаруашылыққа тиесілі 35 мың гектар жер бар екенін атап өтті. Оның ішінде 9200 гектары — суармалы алқап.

— Суармалы жерді тағы да ұлғайтуды көздеп отырмыз. Басымдық астық дақыл-дарына берілмек. Одан бөлек, жүгері, картоп, сәбіз, жоңышқа егіледі. Картоп өсіруді соңғы жылдары қолға алсақ та, гектарынан 50 тоннаға дейін жинаймыз. Көкөніс сақтауда да еш қиындық жоқ. Сыйымдылығы 12 мың тонналық 2 көкөніс қоймасы жұмыс істеп тұр, — деді ол. Сонымен қатар, Олег Литвиненко шаруалар алқаптарда су үнемдеу үшін аграрлық салаға жаңа технологиялар көптеп енгізілуі қажет екенін атап өтті. Бүгінгі таңда диқандар арасында әсіресе, жаңбырлатып суару мен тамшылатып суару жүйесі танымал.

— Қазір заманауи технологиялардың әр салаға белсенді түрде енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. Бұл ретте, суды көп мөлшерде пайдаланатын шаруашылықтан бастап мекемелерде, кәсіпорындарда, жылу-электр орталықтарында суды үнемдеп, қайта пайдалану технологиясын енгізу керек. Бүгінде ел аумағында су қорының нақты қанша екенін дәл болжаудың өзі қиын. Себебі оны білу үшін аймақтарда ылғи бүкіл процесті бақылап отыратын гидрологиялық посттар болуы керек. Бізде ондай посттар жоқ, – дейді О.Литвиненко. Кездесу барысында халық қалаулылары мен шаруашылық ұжымымен субсидиялау, ветеринария, кооперация, салық және тағы да басқа күн тәртібіндегі мәселелер көтерілді. Талқыланған маңызды тақырыптардың бірі ауыл шаруашылығында су ресурстарын пайдалану болды. Айдарбек Қожаназаров суды үнемдеу қазіргі таңда, әсіресе, еліміздің оңтүстік өңірлерінде өзекті мәселе екенін атап өтті. Қазақстанның су ағынының жалпы төмендеуімен қатар тасымалдау кезіндегі су шығыны да өсуде. Оның басты себебі – инфрақұрылымның – каналдардың, арықтардың тозуы немесе сапасыз салынуы.

— Бұл мәселеде біздің партия цифрландыру құралдары арқылы су ресурстарының бірыңғай есебін құруды ұсынып отыр. Бұл туралы көп айтылып жүрсе де, ілгерілеушілік баяу жүруде. Су ресурстарына жауапкершілікті кем дегенде деректерге иелік ететін, су ресурстарын басқаратын және кемінде 30-50 жылға дейін тиімді пайдалану саясатын жүргізетін ведомство
деңгейіндегі бір мемлекеттік органға жүктеу қажет. Сондай-ақ, су пайдаланушыларды суды ұтымды пайдалануға ынталандыру әдістерін қолдану маңызды, — деді депутат. Өз кезегінде «Пахарь» шаруа қожалығының басшысы Михаил Аушев егістік алқап-тарына суды толық жеткізу үшін Ертіс өзеніне қалқымалы 16 агрегаттық сорғы стансасын орнатып, әрбір тамшыны тиімді пайдалану мақсатында көп жұмыстар атқарылғанын жеткізді.

– Егістік алқаптарына дейін цемент астаулар қойылып, диаметрі 1000 миллиметрлік 3700 метр қашықтықта трубалар орнатылды. Сондай-ақ, арнайы жабдықталған су каналынан терең арық қазылды. Нәтижесінде егін суы арықтың толғанын күтпей, лотокпен алқаптарға тиісті мөлшерде жіберіледі. Әр жыл сайын арықтар тазаланып, жоғары-дағы аталған цемент астаулар мен трубаларды орналастырудың арқасында егістік алқаптарына су жеткізіледі, — деді М.Аушев. Айта кетейік, бұл шаруашылық 2003 жылы құрылған. Биыл 20 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осы жылдар ішінде шаруашылық қарқынды дамып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына да елеулі үлес қосып келеді. Ауылдық округ әкімі Татьяна Метлушконың айтуынша, шаруашылық басшылығы әрдайым ауыл тұрғындарының бастамаларына қолдау білдіреді. Сондай-ақ, ол шаруашылықта жұмыскерлердің бос уақытын тиімді өткізу үшін мәдени-ойын-сауық кешені, бассейн және спорт зал салынғанын атап өтті. Бұдан бөлек, мұнда дәмхана, дүкен, мектепке дейінгі шағын орталық пен фельдшерлік амбулатория бар.

 

Мемлекеттік қолдауға ие

Естеріңізге сала кетсек, Мәжілістің аграрлық мәселелер комитеті үкіметке су мәселесімен айналысатын дербес орталық мемлекеттік орган құруды ұсынған болатын. Депутат, аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың айтуынша, өңірлерді аралаған кезде фермерлер су тапшылығы, су қатынастарының реттемелгені және су шаруашылық нысандарының тозуы мәселелерін үнемі көтереді. Мұның барлығы экология министрлігінің құзырында.

— Су ресурстарын басқару менеджменті тиімсіз. Экология министрлігі бүкіл саланы өз бетімен жіберді деп есептейміз. Осыған байланысты үкіметке су мәселесімен айналысатын дербес орталық мемлекеттік орган құру мәселесін қайта қарауды ұсынамыз, — деді Серік Егізбаев. Бүгінгі таңда мемлекет суды үнемдеу мақсатында жаңа технологияларды агро­өнеркәсіп кешеніне енгізуді бағыт етіп алды. Сол себепті мемелекет тарапынан су үнемдейтін технологияларға субсидия көбірек бөлінеді. Мұндай қолдау шаруалардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, өнімнің сапасына да оң әсер етпек. Су үнемдеу технологияларына қаржыландыру тәртібі 50/50 әдісімен беріледі. Яғни, су үнемдейтін технологияға көшкісі келген шаруаға су құрылғысына кететін шығынның жартысын мемлекет өтеп береді. Жалпы, елімізде 1,41 млн гектар суармалы егістік алқабы бар. Бұл — бүкіл егіс алқабының 6,8 пайызы ғана. Бірақ осы жерден түсетін өнім құны 850 млрд теңгені құрайды. Демек, суармалы технологиялар жүйесін қолданатын шағын ғана алқаптар елдегі бүкіл алқаптан жиналатын өнімнің тең жартысына жуық өсім береді. Суармалы технологияларды пайдалану тиімді, үнемді һәм жемісті екені жалған емес. Қазақстанда бүгінде 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Ал 2025-2030 жылдар аралығында 800 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіледі деп жоспарланған. Осылайша, жалпы суармалы жер көлемі 2030 жылға қарай 3 млн гектарға жеткізілмек.

 

Су үнемдеу тақырыбы алдағы кезеңде де өзектілігін жоймайтыны анық. Керісінше, бұл мәселе жыл сайын күрделене бермек. Сондықтан салаға жауапты басшылардың бас ауыртар, су үнемдеудің түрлі жолын қарастырар уағы әлдеқашан жетті. Мұны шаруалар да ұғынса игі еді.

Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.