Қазандық жаңарады

Там 13, 2026

Железин ауданы орталығында орталықтандырылған жылу желісіне қосылған нысандар мен үйлерде өткен қыста жылу параметрлерінің тиісті көрсеткішке сәйкес келмеуі жағдайлары орын алды. Бұл жағдайды оңалту үшін облыс қазынасынан қаржы бөлінді.

Железин аудандық экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Қанат Рамазановтың айтуынша, облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 312 млн теңге қарастырылған. Оған №2 және №4 қазандықтардағы
7 жылу қазанын ауыстыру, жылу желілерін тарту жоспарланған. 7 жылу қазанының үшеуінің қуаты – 2,2 МВт, төртеуінікі 1,6 МВт болады. Сонымен қатар, 2 шақырым жылу құбыры салынады. Қосымша түтін мұржасы, циркуляциялық сорғылар, электр жабдықтар орнатылады. Дәнекерлеу, жөндеу жұмыстары да қарастырылған. Қазіргі таңда барлық жылу қазандары орнатылып, құбырларды тарту жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімінің тапсырмасымен қазандыққа жылыту маусымы аяқталысымен техникалық аудит жүргізілген болатын. Нәтижесінде аталған жұмыстар жүргізілуде. Жуырда нысанның құрылыс барысымен танысқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов мердігер ұйым 20 тамызға дейін барлық жұмыстарды аяқтап, орнатылған жабдықтарды сынауға көшетінін атап өтті.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.

Железин ауданы