Елімізде тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне баса мән берілуде. Осы мақсатта облыс әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаментінің қолдауымен Баянауыл ауданында құтқару бөлімшесі ашылды.
Жаз айларында әсем табиғатымен талайды тамсандырған Баянауыл баурайында демалушылар қатары жылдан-жылға артуда. Енді олар еш алаңсыз табиғат аясында демалыстарын өткізе алатын болады. Себебі, бұл өңірде бұрын-соңды болмаған тұрақты құтқарушылар жасағы өз жұмысын бастап кетті.
– Бұған дейін, яғни 2023 жылдан бері облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жасағы тек жазғы маусымда ғана келіп-кетіп жүретін. Бұдан былай олар қыстың күні де, жаздың аптап ыстығында да 24/7 режимінде халық күзетінде болады. Бұл жоба аудан үшін өте маңызды. Кез келген төтенше жағдайға шұғыл әрекет ету мүмкіндігі пайда болды, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындары ашылды. Жасаққа 10 адам жұмысқа қабылданды, – дейді аудан әкімі Ардақ Кісентаев. Оның айтуынша, құтқарушылар үшін арнайы ғимарат беріліп, нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 2 жол талғамайтын және КАМАЗ өрт сөндіру көліктері берілген.
Н.ШОДЫР.
БАЯНАУЫЛ АУДАНЫ
