Жасыратыны жоқ, мемлекеттік бағдарламалар әзірленгенде адам саны 50-ге жетпейтін елді мекендер игіліктен шет қалып жатады. Ондағы адамдар тағдырының құны бес тиын сияқты. Оларға су да жоқ, жол да, интернет те жоқ. Ата қонысын тастауға тағы қимайды. Себебі, төрт түлігін түлетіп, күнін көріп отыр.
Жуырда Май ауданы Баскөл ауылдық округіне қарасты Жаңатілек ауылының тұрғындары «Ертіс өзенінен су ішіп отырмыз» деп мұңын шақты. Құдықтың суы тартылып қалған. Күрекпен жер қазудың қажеті шамалы. Себебі, жақын жерден су шықпайтын көрінеді.
Аталған елді мекендегі 9 үйде қырыққа жуық тұрғын қоныс тепкен. Аудан әкімдігі адам саны аз болғандықтан, су құбыры тартылмайтынын алға тартып отыр. Яғни, бюджеттен қаражат мүлдем қарастырылмайды.
– Су – тіршілік көзі болғандықтан амалсыздан өзеннен тасып жүрміз. Сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ағынды су деп өзімізді жұбатып, амалдап отырмыз. Бұл суды тұрғындар да, мал да ішеді. Іргемізде, яғни трасса бойында су құбыры бар. Бірақ біздің ауылға дейін тартуға болмайтынын алға тартады әкімдік, – дейді ауыл тұрғыны Еренғайып Бораков.
Бұл мәселеден аудан әкімі Ағыбай Әмірин хабардар. Оның айтуынша, ауылдан шыққан қалталы азаматтардың басын қосып, ұңғыма қазып беру туралы ұсыныс айтылмақ. Әйтпесе, бюджеттен бұл мақсатқа қаржы қарастырылмаған.
Павлодар ауданына қарасты Чернорецк ауылының тұрғындары да сапалы ауызсуға жарымай отыр. Бұл ауылға су құбыры тартылғанымен, лай су ағады. 2021 жылдың қыс мезгілінде туындаған проблема әлі күнге дейін шешілмеген. Салдарынан тұрғындар Ертіс өзенінің суын тасып, қайнатып ішуге мәжбүр.
Ауыл тұрғыны Анастасия Ращупкинаның айтуынша, былтыр ақаулар ретке келтіріліп, су үздіксіз ағып тұрған. Соның өзінде бұл – ішетін су емес. Тұрғындар бақша суарып, малға беріп, кір жууға пайдаланып отыр.
– Ыстық күнде лай су былай тұрсын, мүлдем судан қағылып отырмыз. Жергілікті әкімдік екінші су мұнарасын маусым айының 20-нан кейін жөндейміз деп отыр. Ал бірінші мұнараның суы барлық тұрғындарға жетпейді. Адамдар әбден шаршады. Судың тапшылығынан бақша ұстайтындар сиреп кетті. Бұл мәселе түбегейлі шешіле ме, жоқ па? – деп назын айтты тұрғын.
Былтыр бұл мәселе шешімін таппаған соң тұрғындар Мемлекет басшысына бейнеүндеу жолдаған болатын. Жыл өтсе де, түйткілдің түйіні әлі тарқатылмай келеді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салхановтың айтуынша, аудан әкімдігі биыл бюджеттік өтінім жасап, ол қолдау тапқан. Яғни, жаңа ұңғыма қазылып, проблема шешімін табады деп күтілуде.
– Чернорецк ауылындағы су мәселесінің туындағанына 1,5-2 жыл болды. Мәселені бірден шешу мүмкін емес. Бюджеттік өтінімді әзірлеу үшін біраз уақыт қажет. Кейде жобалауда қателіктер орын алып жатады. Түзетулер енгізу үшін де көп уақыт жұмсалады. Әу баста Чернорецк ауылына су тарту кезінде ұңғымалардың мерзімі 40 жыл болып, лайлана бастағаны есепке алынбаған шығар. Биыл жаңа ұңғыманы қазу үшін шамамен 18 миллион теңге қаражат бөлінеді, – дейді Ержан Салханов.
Жалпы, облыс аумағында 352 елді мекен бар. Онда 222 033 адам қоныс тепкен. Бүгінде 211 246 адам (95,1 пайыз) таза ауызсуға қол жеткізген. 198 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі, ал 96 елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылған. Қалған 58 ауылдың тұрғындары суды ұңғымалардан пайдаланады.
Биыл жоспарланған сумен қамту жобалары жүзеге асса, тұрғындардың ауызсуға деген қолжетімділігі 95,1 пайыздан 96,3 пайызға дейін артпақ. Бұл – әкімдіктің қағаздағы есебі. Ал су құбыры тартылса да, суды тұрақты пайдалана алмай отырған ауылдар қаншама?!
Оралхан ҚОЖАНОВ.