Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері. Сол себепті жыл сайын саланы дамытуға қомақты қаражат бөлініп, қаржылық ұйымдар арқылы шаруаларға үлестірілуде. Шетелден жаңа технологиялар әкелініп, Германия сияқты мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешенін жетілдірудегі тәжірибесі қолданылып жүр. Жаңа технология демекші, оны меңгеру – оңай шаруа емес. Яғни, шаруалардың арнайы білімі болмаса, заманауи қондырғылардың тілін табу қиынға соғатыны белгілі. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласымен айналысу үшін арнайы білім керек пе? Сауалды «Алаңның» талқысына салған едік.

Төлеутай РАХЫМБЕКОВ, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары (пікір интернеттен алынды):

– Жасыратыны жоқ, еліміздегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басым бөлігінің ол саладан арнайы білімі жоқ. Жаңа технологияларды меңгеруде қиындыққа тап болып жатады. Ауылдықтар үшін қажетті ақпарат жеткіліксіз. Олар нақты жылдың табиғи-климаттық жағдайларына байланысты (себу және жинау науқаны, тұқымдарды өңдеу тереңдігі, өсімдіктерді қорғау құралдары, жануарларды азықтан-дыру рациондары, малды күту технологиялары және тағы басқа) мәліметтерді қажет етеді. Осы ретте, ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы ауыл шаруашылығында білімді таратудың 2020-2025 жылдарға арналған ұлттық жүйесін әзірлегені белгілі. Білім тарату орталықтары ғылым, білім және агробизнес интеграциясының байланыстырушы буыны болуы тиіс. Бүгінде орталықтар жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу орталықтарында, тәжірибелі өндірістік шаруашылықтардың базасында ашылып жатыр. Мұндай орталықтар әр өңірде жұмысын жалғастыруы керек. Мал ұстаған, егін еккен ағайын өзіне қажетті ақпаратты алып, кәсібін жандандырса, ауыл шаруашылығы саласы дами түсетіні анық.

Жомарт СЕМБАЕВ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Шыны керек, бұрындары арнайы білімі болмаса, шаруашылық ашуға екінің бірінің батылы жетпейтін. Қазіргі технология дамыған заманда мамандықты оқымай-ақ көштен қалмай келе жатқан шаруашылықтар жетерлік. Қажетті ақпараттың бәрі интернетте толып тұр. Тәжірибе керек десең, ірі шаруашылықтардың есігі айқара ашық. Семинарлар жүйелі түрде ұйымдастырылады. Біз өз тарапымыздан шаруалардың мәселелеріне үңіліп, бағыт-бағдар беріп отырамыз. Шаруалардың, кәсіпкерлердің білімін жетілдіру үшін мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар да іске қосылуда. Мәселен, биылдан бастап «Мен кәсіпкер» жобасы жүзеге асатын болады. Жоба үш бағытты қамтиды. Алғашқысы – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, екінші бағыты – «Кәсіпке бағыт» жобасы. Үшіншісі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Мақсаты – ауылдағы белгілі бір өнім шығарушы кәсіпкерлерге республика деңгейінде қолдау көрсету, кәсіпке баулу, оқытып, біліктілігін арттыру. Оқыту шілде айынан басталады. Қазірдің өзінде алғашқы бағыт бойынша 196 әйел бағдарламаға қатысуға ниет білдірсе, екінші бағыт бойынша 14 кәсіпкер ауыл шаруашылығы саласындағы білімін арттыратын болады

Манат АЛҒАМБАРОВ, «Табыс» шаруа қожалығының басшысы, Екібастұз қаласы:

– Бүгінде 30-40 бас малы бар кез келген азамат жердің салығын төлеуге құжаттарын реттеп, фермер атанып жүр. Олар жыл сайын төрт түліктің санын арттырса да, сапа мәселесі кенже қалып келеді. Иә, мал бағуды, ақша санауды бәрі біледі. Бірақ малдың жемазығын дайындаудың әдіс-тәсілдерін, егін егудің қыр-сырын меңгергендер аз. Қазір жаңа техниканы сенімді жұмыскерге тапсырмасаң, «тілін» білмейтіндер тоз-тозын шығарады. Минералды тыңайтқыштарды себудің өзі ұқыптылықты талап етеді. Сол себепті ауыл шаруашылығымен айналысып жүргендердің арнайы білімі болғаны қажет-ақ. Сонда ғана саланың даму көрсеткіші артар еді. Бұрындары шаруашылық басшыларын әңгімеге тартсаң, зоотехник, селекционер немесе агроном сияқты мамандықтардың иесі болатын. Қазір аталған мамандықтар ірі шаруа қожалықтарында ғана бар. Өнімнің басым бөлігін шағын шаруашылықтар өндіретін болғандықтан, олардың білімін жетілдіру – маңызды іс.

«Алаңды» үйлестірген – Оралхан ҚОЖАНОВ.