Тереңкөл ауданының өрт сөндіру қызметі жаңа техникалармен толықты. Ауылдық округтердің әкімдіктері жанындағы өрт сөндіру бекеттеріне екі техника табысталды. Бұл өрт сөндіру көліктері тұтас бір шағын патрульдік кешен саналады.

Бекеттерге техникалардың кілттерін салтанатты түрде табыстаған аудан әкімі Азамат Манғұтов бұл жергілікті атқарушы органдарға, орман шаруашылығына өрттің алдын алуға және тұтанған жағдайда дер кезінде сөндіруге айтарлықтай көмек екенін атап өтті. Сондай-ақ, аудан басшылығы әкімдіктер, орман шаруашылықтарының ерікті құрылымдары бірлесе жұмыс істеуі керектігін айтты. Осы ретте, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырған, ауыр жұмыста аянбай еңбек етіп жүрген өрт сөндірушілерге алғысын білдірді. Жалпы, ауданда әкімдіктерге қарасты 6 ауылдық өрт сөндіру бекеті бар. Жаңа техникалармен толығуының нәтижесінде олардың әрқайсысында енді бір-бір өрт сөндіру кешені болады. Сонымен қатар, ерікті құрылымдарға әскери киімдер, өрт сөндіруге арналған техникалық құралдар сатып алынды. Тереңкөл ауданының 8-ші өрт сөндіру бөлімінде ауыр типті 2 автоцистерна және жылдам жетуге қауқарлы бір автокөлік бар.

Г.МАҒЖАН.