Бір жарым апта бұрын Железин ауданының Прииртышск елді мекенінің мектебі аңырап кеткенін айтып, тұрғындар әлеуметтік желі арқылы шағымданған еді. Салдарынан оқушылар бірнеше күн қашықтан оқуға мәжбүр болған.

Қыс басталмай жатып білім ордасының мұндай келеңсіздікпен бетпе-бет келуінің себебін аудандық әкімдіктегілер түсіндірді. Аудан әкімдігі 20-22 қараша аралығында мекемеде жылу режимінің нормаға сай келмегенін растады.

– Ауыл тұрғындарының Прииртышск жалпы орта мектебіндегі жылу режимінің тұрақсыздығына қатысты өтініштері негізінде қарашаның 20-нан 22-сі аралығында оқу орнының жылумен жабдықтау жүйесіне тексеру жүргізіліп, нәтижесінде ысырмалар ауыстырылды, сондай-ақ, кері ағызу клапаны мен айналым сорғысы орнатылды, – дейді аудандық әкімдіктегілер. Мектеп оқушылары жөндеу жұмыстары кезінде, яғни, 20-22 қараша аралығында 3 күн қашықтан оқыған. Сондай-ақ, Железин ауданында, оның ішінде Прииртышск ауылында оқушылардың сабақтары 23-24 қараша күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ) қашықтан оқыту режиміне ауыстырылған. Осылайша, Прииртышск мектебінде сабақтар 20-24 қараша аралығында, яғни бір апта бойы қашықтан өткізілді. Бірақ, мектептің жылумен жабдықтау жүйесін жоспарлы жөндеу жұмыстары тек 3 күнге ғана созылған. Аудандық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда мектепте температуралық режим қалпына келтірілген. Мектеп кабинеттеріндегі температура + 20 градус шамасында. Атап өтерлігі, Прииртышск ауылындағы әлеуметтік нысандар, үш көппәтерлі және 2 жеке тұрғын үй «ҚазТрансОйл» АҚ авариялық-қалпына келтіру пунктінің қазандығы арқылы жылытылады. Биыл ауылда аудандық бюджет қаражаты есебінен 18 млн теңгеге 900 метр магистральдық жылу желілері жөнделген. Жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталған. Прииртышск ауылының дәрігерлік амбулаториясы орталық магистральдан жеке жылу желісіне қосылған. Ағымдағы жылы мұндағы жылыту жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта бұл нысанда жылудың жетіспеушілік фактісі тіркеліп отыр. Мамандар ғимаратта оның себебін анықтап, жылуды күшейту үшін гидравликалық режимді реттеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, айналым сорғысы ауыстырылыпты. Сонымен қатар, Прииртышск дәрігерлік амбулаториясында баламалы жылу көзі – жылуды ұзақ сақтайтын қазандық бар. Бұл қазандық биыл орнатылып, жылу жүйесіне қосылған көрінеді. Егер жылудың жетіспеушілік себебі жуық арада анықталмаса, аталмыш ғимаратты жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезеңінде дербес жылыту жүйесіне қосу жоспарлануда.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.