Биыл Ақсу қаласына қарасты кейбір ауылда әлеуметтік нысандар жөнделіп, бірқатары жаңадан салынды. Келесі жылы да елді мекендердің жағдайын жақсартуға қатысты жоба-жоспар бар. Олардың бірнешеуімен кеше өңірге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асайын Байханов танысты.

Аймақ басшысы жұмыс сапарын Пограничник ауылынан бастады. Жақында болған қатты желдің салдарынан мұндағы мектептің мұржасы құлаған болатын. Абырой болғанда, бірден жаңа мұржа табылып, мердігерлер оны үш күннің аралығында орнатып берді.

– Біздің мектеп 2006 жылы салынған болатын. Осыдан сегіз жыл бұрын Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Қазіргі таңда барлығы 238 бала оқиды. Қатты желдің екпінінен 2017 жылы салынған мұржа екіге бөлініп, мектепті жылыта алмай қалдық. Бірақ демалыс күндері мамандар жаңадан 3 млн 350 мың теңгеге мұржа сатып алып, мамандар оны бірден ауыстырып, жағдайды реттеді. Сондықтан сабақтар үзілген жоқ, – дейді мектеп директоры Таворхан Қоядар. Асайын Байханов мектепті аралап, оқушылармен әңгімелесті. Содан соң осы ауылда салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты. Ақсу қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Рахат Бекбергеновтің айтуынша, құрылыс жұмыстары маусым айында басталды. Келесі жылы нысанды қолданысқа тапсыру жоспарда бар. Бір қабатты спорт кешенінде түрлі залдар, шағын футбол алаңы ашылмақ. Аймақ басшысы мердігер компанияға құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Одан соң облыс әкімі биыл ғана пайдалануға берілген фельдшерлік-акушерлік амбулаторияға барды. Бұл – облыста ұлттық жоба аясында салынуы жоспарланған емдеу мекемелерінің бірі.

– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған ұлттық жоба басталды. Сол жоба аясында біздің облыстағы аудан-қалалардан болашағы бар, әлеуеті зор елді мекендер таңдап алынып, оларда жаңа медициналық мекемелер салу ісі қолға алынды. Бүгінде Пограничник ауылының азаматтары жайлы әрі жылы, заманауи құралдармен қамтылған ғимаратта ем-дом ала алатынына қуаныштымын, – деді аймақ басшысы. Айта кетейік, биыл Ақсу өңірінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Алғабас, Жолқұдық, Пограничник, Еңбек, Достық ауылдарында спорт, денсаулық нысандары салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы аталған ауылдарда жарық желілерін реттеу, жол жөндеу сынды жұмыстар да қолға алынбақ.

А.МҰҚЫШЕВ,

Ақсу қаласы.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.