Соңғы бес жыл ішінде облыстық орман қорғау және табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік орман қоры аумағында 19,6 мың гектар жерге орман ағаштары отырғызылды. Өзіміздің көшеттер санын көбейту үшін үш тұқымбақ жұмыс істейді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясысының басшысы Руслан Төлепбаев 2022 жылы Павлодар облысының мемлекеттік орман қоры аумағында 3218,7 гектар жерге қарағайдың 16,8 млн данасы отырғызылғанын мәлім етті. Облыс бойынша түгендеу қорытындысы өсімдіктердің жерсініп кету деңгейі 41 пайызды құрайтынын көрсетті.
— Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы — 478,7 мың гектар, оның ішінде орманды жерлері 274,5 мың гектарды құрайды. Бұл — облыс аумағының 2,1 пайызы. Павлодар облысы орманды жерлерінің аумағы бойынша-орында, ал жапырақты орманды жерлердің аумағы бойынша 8-орында тұр. Орман қорының 72 пайызы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан.Облыс әкімдігінің қарауындағы орман қорғау мекемелерінің қоры мемлекеттік орман қорының 27 пайызын құрайды. Сонымен қатар, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қарауындағы 4,8 мың гектар – бұл автомобиль және теміржолдар бойымен өткен орман екпелері. Осы жылдың көктемінде қылқанжапырақты тұқымдастар 1438 гектар жерге егілді. Жалпы жоспар – 4118 гектар. Сондай-ақ, 2023 жылдың күзінде 2680 гектар жерге ағаш отырғызу жоспарланған, — деді Руслан Мәлікұлы.
Сондай-ақ, аумақтық инспек-ция басшысы бүгінгі таңда облыста екпе материалдарымен қамту мақсатында 3 тұрақты тұқымбақ жұмыс істейтінін атап өтті. Олардың жалпы аумағы – 61 гектар. Оның ішінде «Ертіс орманы» жанында екі және «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бір тұқымбақ жұмыс істейді.
— Тұқымбақтарда 1-санаттағы қарағайлардың 615 келі тұқымы механикалық және қол әдістері арқылы егілді. Аумағы – 6,9 гектар. Оның ішінде «Ертіс орманы» 6,8 гектар жерге механикалық тәсілмен, Баянауыл МҰТП 1 гектар жерге қол әдісімен тұқым салды. Кешенді жоспар бойынша орманды қалыпқа келтіру жұмыстарына 593 млн теңге бөлінді, — деді ол.
Жыл сайын көктем мезгілінде төтенше жағдайлар департамен-тімен бірлесіп орман қорғау және табиғатты қорғау мекемелерінің өрт қауіпті маусымына дайындықтарына тексеру жүргізіледі. Бүгінгі күні Павлодар облысының мемлекеттік орман қоры аумағында 44 орман өртінің жағдайы тіркелген. Өрт шалған аумақ 878,6 гектар жерді құрады. Мұндағы орманды жерлердің аумағы — 252,7 гектар. Руслан Төлепбаевтың айтуынша, өрт қауіптілігінің жоғарғы деңгейінің орын алуына байланысты өрт-қадағалау бағандары мен бекеттеріндегі кезекшілік тәулік бойы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда облыстың орман қорғау мекемелерімен өрт тәуекелі орын алған жерлерде қосымша бекеттер орнатылуда. Үш коммуналдық мекемеде өрт қауіптілігінің жоғарғы деңгейінде 23 жедел өрт бекеті жұмыс жасап тұр.
— Былтырғымен салыстырғанда өрт жағдайы көбейген. Жалпы өрт шалған аумақ 267,6 гектарға және орманды жерлердің аумағы 151,4 гектарға артты. Қазіргі уақытта «Ертіс орманы» мекемесіндегі орманшылықтарда 16 бақылау бекеті бар. Өрт маусымында резерваттың неғұрлым қауіптілігі жоғары жерлерінде қосымша өртке қарсы 9 бекет қойылды. Баянауыл МҰТП бойынша 12 бақылау бекеті бар. Сонымен қатар, «Ертіс орманы» және Баянауыл МҰТП мекеме-лерінде «МИ-2» және «ЕС-145» маркалы тікұшақтармен әуеден бақылау жұмыстары жүргізіліп отырады, — деді Р.Мәлікұлы.
А.МҰҚЫШЕВ.