Облыс аудандарында ауылдарды абаттандыру, жолдарды жөндеу және инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстары жалғасуда.

Биыл Аққулы ауданының Жамбыл ауылы айтарлықтай өзгереді. Мұнда жаздың соңына дейін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мәдениет үйіне, мектепке жөндеу жүргізіліп, көшелер асфальтталады.

Бүгінгі таңда мәдениет үйінің қасбетін жөндеу, қабырғаларын әрлеу жұмыстары аяқталды, терезелері, электр сымдары және шатыры ауыстырылды. Жылу жүйесін монтаждау, едендерді төсеу және есіктерді орнату жұмыстары жалғасуда.

– Мұндағы жоспарлы жұмыстың 90 пайызы аяқталды. Күрделі жөндеу барысында 25 терезенің барлығы жаңарды. Қазіргі таңда екінші қабат толығымен дайын, – дейді Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов.

Сондай-ақ, Жамбыл орта мектебіне толықтай күрделі жөндеу жүргізіледі. Мұнда жылу және электр жүйелері жаңартылады, аумағы абаттандырылып, жаңа спорт алаңы орнатылады. Сондай-ақ, ауыл ішіндегі 5 көшедегі  6,1 шақырым жолға асфальт төселеді.

Ал Жаңатаң ауылында жаңа су құбыры салынуда. Қазір 6,3 шақырым сумен жабдықтау желілерін монтаждау аяқталып, 41 құдық және 18 өрт гидранты орнатылды. Сол арқылы 66 тұрғын үй мен үш әлеуметтік нысанға су тартылды. Осы жылдың соңына дейін Әйтей, Шабар, Тақыр, Қызылқоғам, Майқарағай ауылдарында жаңа су құбырлары қолданысқа беріледі. Осылайша, ауданда таза ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жетеді.

Өз тілшіміз.