Ауылдан-Арманға: IQanat олимпиадасының финалына Павлодар облысынан 25 дарынды бала жолдама алды. Аталмыш сайысқа еліміздің 166 ауданынан іріктеуден өткен 800-ден астам оқушы қатысатын болады.
Еліміздің ауыл оқушылары арасындағы ең ауқымды офлайн олимпиаданы «IQanat» қоғамдық қоры ауыл балаларына сапалы білімге жол ашу мақсатында ұйымдастыруда. Өңірде олимпиаданы өткізуге облыстық білім беру басқармасы жан-жақты көмек көрсетті. Соңғы 5 жылда 160 мыңнан астам ауыл мекте-бінің оқушысы сапалы білім алуға мүмкіндік алды. Республикалық слёт аясында соңғы іріктеу кезеңі өтіп, 120 жеңімпаз IQanat мектебіне тегін оқуға шақыру алады, ал қалған қатысушылар олимпиададан кейінгі білім беру бағдарламаларымен қамтылатын болады.
Павлодар облысы бойынша үйлестіруші Сандуғаш Матаева олимпиаданың мүмкіндіктері көп дейді.
— Бұл жоба — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдеріне қоғамды толғандыратын әлеуметтік мәсе-лелерді шешуден шет қалмауға жасаған үндеуінің көрінісі. Ауыл оқушыларының білім деңгейі — біздің елімізде ең маңызды мәселелердің бірі, — дейді С.Матаева.
IQanat олимпиадасы және қордың басқа да бағдарламалары мыңдаған ауыл баласына ең жоғары технологиямен қамтамасыз етілген мектептердің бірі – IQanat High School of Burabay мектебіне түсіп білім алуға, мықты мұғалімдермен қарым-қатынас жасау арқылы баға жетпес тәжірибе алуға, танысу шеңберін кеңейтуге, жалпы өмір сүру деңгейін көтеруге және соның нәтижесінде ауыл балаларына үздік жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік береді.
Қор бағдарламаларының түлектері – ауыл мектептерінің оқушылары Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago және т.б. университеттерге түсуде.
Өз тілшіміз.