Өңірде көптен бері күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген балабақшалар баршылық. Қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемелердегі бұл мәселе біртіндеп оң шешімін табуда. Тек осы жазда облыс орталығындағы 3 балабақша ғимаратының ішсырты толығымен жаңартылмақ. Бұл мақсатқа қазынадан 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген.

Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, аталмыш мектепалды мекемелер ғимаратының қасбеті мен ішкі жағы жаппай жөнделіп, аумағы абаттандырылатын болады. Сондай-ақ, өзге де бірқатар балабақшаның күрделі жөндеуді қажет ететін бөліктері жаңартылмақ.

– Бүгінде шаһардағы №5, 42, 82 сәбилер бақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал №104 балабақшаның терезелері ауыстырылуда. Бұл мақсатқа 20,6 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, 41 балабақшада асфальт төсеміне күрделі жөндеу жүргізілуде, оның бесеуінде (№12, 22, 85, 102, 120) жұмыстар аяқталды. Бұдан бөлек, 12 мектепке дейінгі мекемеде шатыр, жылыту жүйесі, ас блогы, толық жиынтықталған электр жабдығының қалқан шкафы, өрт және күзет дабылын ауыстыру мен орнату бойынша жалпы сомасы 32,4 млн теңгенің ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынуда, – дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин.

Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатқан мекеменің бірі – шаһардағы №42 мектепке дейінгі гимназия. Аталған аралас балабақша директоры Гүлмира Қожахметованың айтуынша, мұнда жөндеу жұмыстары осы жылдың 1 маусымында басталған.

– Бұл мектепалды білім беру мекемесінің қабырғасы 1981 жылы қаланған. Содан бері күрделі жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген екен. Бүгінде қазынадан қажетті қаражат бөлініп, мердігер деп танылған «Экострой-сервис ПВ» ЖШС-нің 50-ге жуық маманы құрылыс жұмыстарымен үздіксіз айналысуда. Тіпті, кейбір жұмысшылар қас қарайғанға дейін еңбек етіп, осында түнеуде. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстарының ұзақтығы 4 айға созылатын болады. Яғни, биыл 1 қазанда барлық шаруа аяқталып, балаларды қайтадан қабылдауға тиіспіз, – дейді мекеме басшысы. Оның айтуынша, №42 бақшада 2 – 6 жас аралығындағы 301 бала тәрбиеленуде. Қазіргі уақытта олардың 133-і қаладағы №6, 11, 12, 25, 34, 51, 102, 120 бақшаларға уақытша барса, қалғаны ата-аналарының өтініші бойынша жазғы демалысқа жіберілген.

Осылайша, көп кешікпей бұл мекеменің іші-сырты заман талабына сай жөнделіп, жаңадан бейнебақылау камералары мен өрт сөндіру дабылдары орнатылады деп күтілуде.

Мердігер серіктестік өкілдерінің сөзіне қарағанда, қазіргі күні құрылыс жұмыстарының 20-22 пайызы аяқталған. «Экострой-сервис ПВ» ЖШС-нің учаскелік басшысы Мейрам Жетпісбаев:

– Біз белгіленген кесте бойынша таңнан кешке дейін тынбай еңбек етудеміз. Басты мақсат – нысанды жоспарланған уақытында тапсыру. Әзірге балабақшаның ескі қабырғаларын тазалап, қайтадан тегістеп бітірдік. Екінші қабаттағы бөлшектеу жұмыстары толығымен аяқталды деп айтуға болады. Енді әктеу және есіктер мен терезелерін салып, еден төсеу ғана қалды, – дейді. Ал мекемеге электр желілерін тарту ісімен айналысып жатқан электрик маман Серікболсын Болатбекұлы:

– Балабақшаға жаппай жаңадан электр сымдары тартылады. Бұл бағыттағы жұмыстардың 30 пайызы аяқталды. Алдағы 10-15 күннің ішінде қалған жұмысты тындырамыз, – дейді.

Айта кетерлігі, бұған дейін Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №82 және №5 балабақшаларды аралап шыққан болатын. Жауапты мамандар мектепке дейінгі мекемелердегі жөндеу жұмыстарының барысы мен жоспарланған уақытында істі бітіру мәселесі қатаң бақылауда екенін айтады.

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.