Бүгінде облыс бойынша 1-6 жасқа дейінгі балаларды мектепалды біліммен қамту көрсеткіші 84,4 пайызды құрайды. Яғни, орын тапшылығы әлі де байқалады. Әсіресе, елді мекендердегі шағын орталықта орын жетіспегендіктен көптеген бала үйінде отыруға мәжбүр. Аталған мәселені шешу мақсатында келесі жылы аймағымызда бірнеше балабақша бой көтермек. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Облыстық білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта  білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Азанбаеваның айтуынша, аймақ бойынша 381 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 157 балабақша, 224 шағын орталық, 13 жеке меншік нысан бар. Аталған мектепалды мекемелерде барлығы 36 778 бала тәрбиеленуде. Бұл — балғындардың 64 пайызы, яғни 21 243 бүлдіршін қазақ топтарына барады екен. Сонымен қатар, өңірде мектепке дейінгі инклюзивті білімді дамытуға да басымдық берілген. Қазіргі таңда ерекше түзету жұмыстарын қажет ететін 809 бала үшін 9 арнайы балабақша жұмыс істейді. Сондай-ақ, биыл Ақсу қаласында 140 орындық инклюзивті балабақша салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл мекеме арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жеке бассейн мен жеделсатысы болады деп жоспарлануда.

Өкініштісі, өңірімізге қарасты кейбір ауылдардағы шағын орта-лықтарда орын тапшылығы әлі де бар. Осыған орай келесі жылы Ақсу қаласының Үштерек және Береке ауылында жаңа балабақшаның қабырғасы қаланады деп күтілуде.

— Қос елді мекенде де халық саны өсіп, бала туу көрсеткіші артуда. Сол себепті 2025 жылы Береке ауылында 240 орындық, Үштеректе 140 балаға лайықталған балабақша салу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, — дейді Ақсу қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұлов. Оның айтуынша, кеншілер шаһарындағы 29 мектепке дейінгі ұйымда 3662 бала тәрбиеленуде. Бұдан бөлек, биыл облыс орталығындағы Достық шағын ауданында 80 орындық жаңа балабақшаның тұсауы кесіледі деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, мектепке дейінгі мекемелердің жөндеу жұмыстары да көңіл көншітпейді. Мәселен, Екібастұз қаласындағы балабақшалардың 80 пайызы жөндеуді қажет етеді. Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың айтуынша, қаражаттың басым бөлігі төтенше жағдай кезінде мектепке дейінгі ұйымдардың жылыту жүйесін реттеуге жұмсалған. Нақтырақ айтсақ, батареялар ауыстырылып, істен шыққан жылу құбырлары қалпына келтірілген. Салдарынан күрделі жөндеу жүргізілмеген балабақшалардың жағдайы сын көтермей тұрған жайы бар. Павлодар қаласында да жөндеуді қажет ететін мектепалды мекемелер баршылық.

Атап өтерлігі, былтыр облыс орталығындағы 5 балабақша күрделі жөндеуден өтіп, 40 мектепке дейінгі мекеменің алаңын асфальт-тау жұмыстары жүргізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Сонымен қатар, бүгінде шаһардағы мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 4329 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 2205 сыртқы және 2124 ішкі, 601 топтық, ал жатын бөлмелерде — 177, қабылдау бөлмелерінде 144 бейнебақылау камералары бар. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралиннің айтуынша, ендігі кезекте балабақшалардағы аналогтық камераларды сандық камераларға ауыстыру жұмыстары үздіксіз жалғасын таппақ.

— Жалпы, облысымызда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытуға және балаларға сапалы білім беруге бағытталған жүйелі жұмыстар жыл сайын жүргізіле беретін болады, — дейді Нұргүл Азанбаева.

 

Нұржайна ШОДЫР.