Балалардың жазғы демалыс кезіндегі бос уақытын тиімді пайдалану үшін облысымыздың киелі орындарын аралауға арналған экспедиция ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, оқушылардың бір тобы Ресейдің Омбы облысына барып келді.
Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын қамтуда бірлік пен жауапкершілікті қалыптастыратын ұжымдық сапарлар өте маңызды. Сондықтан Павлодар облысының білім басқармасы жас ұрпақтың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін, оның тарихи және мәдени мұрасын білуін, табиғи байлықтар мен сәулет ескерткіштеріне ұқыпты және құрметпен қарауын қалыптастыруға бағытталған «Ұлы дала кереметі» жобасын қолға алды.
Облыстық білім беру басқармасының хабарлауынша, Май ауданында басталған «Май Жібек жолы» сапары барысында балалар қазақ халқының сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін табиғи және сәулет ескерткіштерін аралады. Олар Қалмақ қырылған тауына, Мақат қажы, Ақбалық Хазірет, Қайса ата кесенелеріне барды.
Сапардың екінші жартысы Баянауыл ауданында жалғасты. Балалар Торайғыр ауылына барып, Баянауылдың керемет көріністерін тамашалады. Сонымен қатар, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесі мен мұражайын аралады. Кешке жас саяхатшылар спорттық ойындар мен квесттерде бақ сынап, алау жанында алған әсерлерімен бөлісті.
Сапардың соңғы күні балалар командаларға бөлініп, Ақшиман ауылының маңында тазалық жұмыстарын жүргізді. «Экологиялық десанттың» барлық қатысушыларына естелік сыйлықтар берілді. Облыстық білім басқармасы осындай сапарларды әр ауданда ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Жалпы, балалардың жазғы демалысы қызықты өтуде. Бір топ павлодарлық оқушы Омбы су кеңістігін бағындырды. Бір апта ішінде «Дружба» халықаралық желкенді балалар лагерінің қатысушылары желкен астында жүзіп, ату кубогын жеңіп алды.
Павлодар география үйінің басшысы Александр Вервекиннің айтуынша, «Павгеоның» жас тәрбиеленушілері Омбыға бесінші рет сапарлап барып, желкенді спорттың қыр-сырын игерген.
– Өкінішке қарай, облыста база, нұсқаушылар, яхталар болмағандықтан, мұндай мүмкіндік жоқ. Бірақ Орыс географиялық қоғамының филиалы, Омбы облыстық Яхта клубы және желкенді спорт Федерациясымен өзара серіктес болғандықтан осы мүмкіндікті оқушыларымызды оқыту үшін пайдаланудамыз, – дейді Александр Вервекин.
Омбы яхта клубының жетекшісі Сергей Щербаков әріптестерімен бірге балаларға желкен астында жүру, толқын, желді сезіну, желдің бағытын ұстау ұғымдарын түсіндірген. Бұл – балаларға суда және жалпы өмірде сенімді болуға тәрбиелейтін дағды
Халықаралық желкенді лагерьдің қатысушысы Анна Андреева екі орындық «Кадет» яхтасында жүріп, желкенді қадағалай отырып, капитанның бұйрығымен желдің бағытын анықтады.
– Біз жаңа достар таптық. «Мечта», «Жемчужина» және жер шарын екі рет айналып өткен «Сибирь» яхталарына көтерілдік. Жаттығу мен желкенді жүруден басқа, жүгіруде жарысып, эстафеталар мен ату жарыстарына қатысып, кубоктар жеңіп алдық, – деді павлодарлық Лев Колесников.
Александр Вервекин павлодарлықтарға теңізге шығып, мұхиттарды бағындыру үшін облыс орталығында «Павлодар» деген жазуы бар яхталы су туризмі орталығын құруды қалайтынын айтты.
Өз тілшіміз.