Павлодар облысының оқушылары озық ойымен үнемі биіктен көрініп, білім саласында түрлі жетістікке жетіп жүр. Биылғы оқу жылында да дарынды балалар 244 медаль жеңіп алып, кезекті рет «Үздік олимпиадалық команда – 2023» аталымын иеленді. «Достық үйінде» халықаралық, республикалық пән олимпиада жүлдегерлеріне сый-құрмет көрсетілді.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов 2022-2023 оқу жылында ерекше дарындылығымен танылып, білім додалары мен ғылыми жобалар сайысында жүлдеге ие болған оқушыларды құттықтап, марапаттар табыс етті. Сонымен қатар, оқушыларды білім нәрімен сусындатқан ұстаздарының елеулі еңбегін атап өтіп, балалардың алдағы уақытта да оқуда озат болуына тілектестігін білдірді.

— Сіздердей дарынды балаларды тәрбиелеген ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңызға алғыс білдіремін. Егемен еліміздің өздеріңіздей өнегелі жас буын өрендерімен кездесу — мен үшін үлкен қуаныш. Зияткерлік шыңын бағындырып, жыл сайын халықаралық, республикалық олимпиадаларда жүлделі болып, өздеріңіздің бәсекеге қабілеттіліктеріңізді дәлелдеп жүрсіздер. Сіздерге толағай табыс тілеймін, — деді С.Батырғожинов.

Салтанатты шарада өңіріміздің 35 дарынды оқушысы облыс әкімінің атынан Алғыс хатпен марапатталып, оларға 100 мың теңгелік ақшалай сертификаттар табысталды.

Олимпиада жүлдегерлерінің бірі — дарынды балаларға арналған №3 гимназияның оқушысы Амира Әмірқұлова француз тілін үйренуде бірталай жетістікке жеткен. Ол басқа да тілдерді меңгеріп жүргенін атап өтті.

— Мен 7-сыныптан бастап облыстық олимпиадаларға қатысып келемін. Өткен жылы республикалық олимпиадада қатысып, екінші орынды иелендім. Биыл 10-сыныпта француз тілінен бірінші орын алдым. Менің ойымша, француз тілі әмбебап әрі әрқашан сұранысқа ие. Болашақ мамандығымды әзірге таңдаған жоқпын, — дейді Амира.

Айта кетейік, аталмыш оқу жылындағы олимпиада-ларға 635 оқушы, оның ішінде 26 команда қатысты. Олардың ішінен 327 бала жеңімпаз атанды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Константин Шелков.