Балғындарды балабақшаға беру үшін не істеу керек? Жолдаманы қалай және қайдан аламыз? Дәл осындай сұрақтармен қаладағы ата-аналар редакциямызға жиі қоңырау шалуда. Бұған қарап, қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелерден орын алу үшін алдын ала бронь жасау жұмысы жүріп жатқанын көпшілік әлі де біле бермейтінін байқауға болады.

Ата-аналарды мазалаған сұрақтарға Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі мекемелер секторының меңгерушісі Қырықбесова Бақыт Қайроллақызы жауап береді.

– Бақыт Қайроллақызы, балабақшаға жолдаманы қалай және қашан алуға болады?

– Павлодар қаласының бала-бақшаларына баланы кезекке қою, жолдама беру және қабылдау шарасы balabaqsha.snation.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асады. Осы порталдың көмегімен ата-аналар баласының кезегін тексереді, бос орындарға жарияланған бюллетеньдерді көреді және жолдамаға қол жеткізіп, мектепке дейінгі ұйымға қабыл-дана алады.

Жалпы, жаңа оқу жылына балғындарды балабақшаға қабылдау науқаны осы жылдың 29 мамырынан 5 шілдесіне дейін ерте броньдау жүйесі шеңберінде жүргізілуде. Барлық мектепалды білім беру мекемесі шағын аудандар бойынша топтастырылып, әрбірінің өз кестесі белгіленген. Бұл жөнінде толығырақ Павлодар қалалық білім беру бөлімінің ресми сайтынан білуге болады.

– Биыл босаған орындарға, яғни, кіші топтарға неше бала қабылданады деп жоспарлануда?

– Жаңа оқу жылында Павлодар қаласындағы балабақшаларға 4,5 мыңнан астам бала, оның ішінде бір жастағы 800-ден астам бөбек және 2 мыңнан астам 2 жасар бала қабылданады деп күтілуде.

– Бүгінгі күні қала бойынша балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсет-кіші қандай деңгейде?

– Қазіргі таңда шаһар бойынша 86 мектепке дейінгі мекеме (73 мемлекеттік және 10 жекеменшік балабақша, 3 мемлекеттік шағын орталық) жұмыс істейді. Онда 17,5 мыңнан астам мектеп жасына дейінгі бала тәрбиеленуде. Ал 391 бала мектепке дейінгі сыныптарда мектепалды білім алуда. Жалпы, 1-6 жасқа дейінгі балалардың 77,2 пайызы, 2-6 жас аралығындағы балғындардың 89 пайызы балабақшамен қамтылған.

– Балабақшаларда мамандар жеткілікті ме? Қазіргі таңда неше маман жетіспейді және бұл мәселе қалай шешілуде?

– Балабақшаларда қызмет істейтін тәрбиешілер, тәрбиешінің көмекшісі, еден жуушы, аула сыпырушы, ас бөлме жұмысшысы, аспаз мамандар жоғары сұранысқа ие. Қазіргі күні 30-ға жуық тәрбиеші жетіспейді. Бұл мәселе бойынша кәсіптік бағдар беру жұмысын күшейтіп, мектепке дейінгі білім беру мамандарын даярлайтын оқу орындарымен жұмыс істеу керек деп ойлаймын.

– Мектепке дейінгі жастағы ерекше балалардың мәселесі қалай шешілуде?

– Иә, мұндай балалар әрдайым мемлекет назарында. Ерекше балғындардың әлеуметтік-бейім-делу дағдыларын қалыптастыру үшін қалада 518 тәрбиеленуші қатысатын 6 арнайы мектепке дейінгі ұйым (№14, 26, 39, 52, 82, «NIMAT» жеке арнайы балабақша) және №51 сәбилер бақшасында логопедиялық топ жұмыс істейді. ПМПК мәліметтері бойынша қалада осы санаттағы 1212 бала бар. Оның ішінде 518 бала арнайы балабақшаға барса, 200-ден астам бала инклюзивті біліммен қамтылған. Сонымен қатар, 67 логопунктте сөйлеу қабілеті бұзылған 1240 балаға түзету көмегі көрсетілуде.

Жалпы, даму үлгісіндегі мектепке дейінгі ұйымдардың штатына 62 логопед, 58 психолог, 7 әлеуметтік педагог кіреді. «Инклюзивті білім беру» тақырыбы бойынша 68 бала-бақшадан 186 педагог курстық дайындықтан өтті.

– Мектепке дейінгі мекемелерде қандай мәселе бар?

– Мектепке дейінгі ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, педагог кадрлардың кәсібилігін арттыру, сапалы білім беру қызметтерін көрсетуге ықпал ететін тиімді тетіктерді құру міндеттері тұр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.