Елімізде мектеп бітіруші түлектер үшін негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу науқанына тіркелу жұмыстары басталып кетті. Тестілеуге дайындық барысы қалай? Биыл бұл жүйеде өзгерістер бола ма? Жалпы, талапкерлер нені білуі тиіс? Осы және өзге де сұрақтарға Павлодар қаласындағы ҰБТ орталығы филиалының жетекшісі Сәния Ниязова жауап береді.

— Ағымдағы жылы ұлттық бірыңғай тестілеу шарасы қалай өтеді? Елдегі жағдайға байланысты қандайда бір өзгерістер бола ма?

— Негізгі ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 6 мамырда басталып, 14 мамыр күні аяқталады. Ал тестілеу науқаны 16 мамырдан 5 шілдеге дейін жалғасады. Сондай-ақ, төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде, яғни Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлері үшін тіркелу уақыты ұзартылады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша биыл да талапкерлер негізгі ҰБТ-ны 2 рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Тестілеуге өтініш беру үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы тіркелуге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды.

— Бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан талапкерлерге қолдау көрсетіліп келгенін білеміз. Сол жөнінде айта кетсеңіз…

— Иә, талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілді. Яғни, қаңтар, наурыз айындағы әр ҰБТ-дан кейін түлектер жеке тақырыптар бойынша білімдерін арттыруға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, онлайн байқау сынақтары іске қосылды. Бұл тегін онлайн сабақтар әлі де жалғасуда. Оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі, «Информатика» пәнінен терминдер мен «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалардың тақырыбы жарияланды. Мұның бәрі талапкер үшін үлкен қолдау деп білемін.

— Биыл тестілеу форматында өзгерістер бола ма?

— Тестілеу форматында өзгерістер болмайды. Талапкерлер 3 міндетті және таңдау бойынша 2 пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.

Осылайша, ҰБТ-ның тапсырмалар саны өзгеріссіз қалды. Жалпы сұрақ саны — 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» — 20, «Оқу сауаттылығынан» — 10, «Математикалық сауаттылықтан» — 10 және 2 бейіндік пән бойынша 40 тапсырма бар. Ең жоғары балл – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт сақталады.

— Шектік балл өзгерді ме?

— Шекті балл өзгеріссіз қалды. Яғни, «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» салаларын таңдаған талапкерлер кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» бағыты бойынша 70 балл, ал «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» мамандықтарына 60 балл (ұлттық ЖОО үшін), ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кем дегенде 65 балл алуы қажет. Басқа жоғары оқу орындарына 50 балдан жоғары жинау керек.

— Талапкерлер нені білуі тиіс?

— Ең алдымен әр талапкер өз біліміне сеніп, тестілеуді әділ тапсыруы тиіс. Тестілеуге ұялы телефон, шпаргалка, басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге болмайды. Әр талапкер сынаққа кірмес бұрын тексеріледі. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни, ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болады. Сонымен қатар, калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесі компьютер экранында қолжетімді болады. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, оларға кестелердің қағаз нұсқасы да беріледі.

Ескеретін тағы бір жайт, тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Айта кетерлігі, тестілеу барысындағы барлық бейнежазба 2024 жылдың 31 қазанына дейін қатаң тексеріледі. Ереже бұзу дерегі анықталған жағдайда оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.