Үш күннен кейін, яғни 1 сәуір күні 1-сыныпқа өтініш қабылдау басталады. Бұл жөнінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Ата-аналар алдағы жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттайтын балаларының құжаттарын электрондық үкіметтің еgov.kz. веб-порталы арқылы тапсыра алады. Сондай-ақ, биылдан бастап 1-ші сыныпқа баратын балғындар дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге еш кедергісіз қабылданатын болады.
— Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі Заңына сәйкес лицейлер мен гимназияларға бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихан өткізуге тыйым салатын ереже енгізілді. Барлық бала дайындық деңгейіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге ие болады. Бұл бастама тестілеу мен әңгімелесуге байланысты бірінші сынып оқушыларындағы психологиялық қысымды азайтуға бағытталған, — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім комитетінің басқарма басшысы Әлия Чокушева.
Сонымен, талап бойынша балалар 1-сыныпқа 6 жастан бастап ата — анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Өтінішпен бірге №065у формасындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама, 026/у-3 баланың денсаулық паспорты және 3х4 көлеміндегі екі дана фото-суреті болуы керек. Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспа-ғанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Құжат тапсыру мерзімі 31 тамызға дейін жалғасады.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы республика бойынша 370 мыңнан астам бала мектепке барады деп жоспарлануда. Олардың қатарында 11 мың павлодарлық балғын бар.
Ал Павлодар қаласы бойынша биыл 6 мыңға жуық бала мектеп партасына отырады деп болжануда.
Қуантарлығы, кейінгі жылдары шаһарда мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарды ашуға басымдық бері-луде. Мәселен, жыл сайын мемлекеттік тілде білім алатын шәкірт саны орта есеппен 1500 оқушыға артып келеді, дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімінің өкілдері.
— Бірінші сыныптарға оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес мектептер даярлық деңгейіне қарамастан, білім беру ұйымының қызмет көрсету аумағында тұратын барлық баланың қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, осы жылы да 3 (үште) 1 (бір) қағидаты сақталады. Яғни, ата-аналар мектепке аумақ бойынша емес, үш-бір принцип бойынша өтініш бере алады.
Мысалы, мектептер үш баланы өз аумағынан, содан кейін бір баланы аумақтан тыс жерде қабылдайды. Интернетке қол жеткізе алмайтын ата-аналар үшін барлық мектепте өтініш беру үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары, балаларды қабылдау мәселелері бойынша сall-орталықтар жұмыс істейді. Павлодар қаласының тұрғындары үшін 30-14-91 телефоны бойынша сall-орталық қызмет көрсетеді, — делінген қалалық білім беру бөлімінің ақпаратында.
Н.АҚЫТЕГІ.