Жақында редакциямызға Павлодар ауданына қарасты Заря жалпы білім беру мектебінің ұстазы мен шәкіртінің жеткен жетістігі жайлы хат келді. Анау-мынау емес, екеуі де республикалық деңгейдегі бәсі биік байқаулардан топ жарып, аймақ намысын қорғап келіпті. Осындай дарын иелері бар ауыл мектебінің абыройы асқақтай берсін дей отырып, төменде олардың жетістігін бөлісуді жөн көрдік.

Өз ісінің маманы

Заря жалпы орта білім беру мектебінде білікті мамандар көп. Солардың бірі – білім ордасының логопеді Жанбота Асылбек. Жуырда ол ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылым-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған «Педагогикалык идеялар фестивалі» байқауына қатысып,  ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталды.

Сайыс Алматы облысындағы Сүлеймен Демирель университеті базасында өтті. Шарт бойынша үш кезеңнен тұрды. Аудандық кезең 2023 жылдың қазан айында, ал облыстық кезеңі қараша айында ұйымдастырылды. Алдын ала іріктеуден сәтті өткен әріптесіміз республикалық додада аймақ намысын абыроймен қорғай білді. Оның бұл жетістігі үшін қуаныштымыз.

Ұйымдастырушылардың айту-ынша, аталмыш байқаудың басты мақсаты – педагогтердің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, кәсіби тұрғыда өсуіне, өз білімін көрсетуіне мүмкіндік беру. Сондай-ақ, Қазақстан мектептерінің басшылары мен мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу болып табылды.

Фестивальге облысымыздан 11 педагог маман қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында мектеп басшылары, ұстаздар, психологтер, логопедтер мен дефектологтер бар. Байқау қатысушылары бағдарламаға сәйкес бағыттар бойынша педагогикалық идеялар жобаларын қорғап, өз білімін сын таразысына салды. Біздің әріптесіміз барлық сынақтан сүрінбей өтті.

Жанбота Асылбек – «Дефектолог-логопед» мамандығын қызыл дипломмен тәмамдаған маман. Педагог-эксперт біліктілік санаты бар. Қазіргі таңда мектебімізде мұғалім-логопед қызметін атқарып жүр. Осы салада еңбек еткеніне 6 жылдай уақыт болды.

 

М.КӨППАЕВ, тәрбие ісінің меңгерушісі.

 

   Алға, Алдияр!

Мектебіміздің 10 «А» сынып оқушысы Алдияр Жұмаш ауыл мектептерінің балаларына арналған республикалық пән олимпиадасында жүлделі ІІІ орынды иеленіп, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің арнайы дипломымен марапатталды.

Ережеге сай олимпиада 13 пән бойынша өткізіліп, 3 кезеңнен тұрды. Атап айтар болсақ, бірінші кезеңіне еліміздің әр өңірінен 78 404 оқушы қатысты. Екінші іріктеу кезеңінде 25 844 оқушы бақ сынады. Үшінші, яғни қорытынды республикалық кезеңге 1088 жеңімпаз жолдама алды. Алдияр болса, осы үш кезеңнен де өтіп, республика көлемінде ауданның атынан облыс намысын қорғады.

Алдияр Жұмаш – Заря жалпы орта білім беру мектебінде 1-сыныптан бастап сабақты үздік оқып келе жатқан озат оқушы. Қазіргі таңда «Алтын белгіден» үміткер. Кішкентай кезінен бері білімге құштар, өте зерек әрі қабілеті жоғары оқушы ретінде өзін көрсетіп келеді. Сонымен қатар, шығармашыл, білімі терең, өз ойын еркін жеткізе алатын, алдына қойған мақсатына ұмтылып, сол үшін үнемі ізденісте жүретін дарынды бала. Ол сыныптастарының арасында да беделді. 5-6 сыныптан бастап аудандық, облыстық олимпиадаларға және түрлі байқау-ларға белсене қатысып, жүлделі орындар иеленіп  жүр.

Айта кетерлігі, Алдияр алдымен Қазақстан тарихы пәнінен 9-11 сынып оқушылары арасында ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінен өтіп, облыстық кезеңіне қатысты. Облыстық кезеңнің нәтижесінде І орынды иеленіп, республикалық олимпиадаға жолдама алды. Сөйтіп, бүгінгі күні республикалық кезеңнен де жүлделі орын алып, қола медаль иегері атанды.

Біз мектеп мақтанышы болған, жүзден жүйрік атанып, суырылып алға шыққан  Алдиярды жеңісімен құттықтаймыз!

 

Амангүл ХАВИХАН, тарих пәнінің мұғалімі, жетекшісі.