Ағымдағы жылы «Аймағымызда апатты мектеп жоқ» деп жалпақ жұртқа жар салып едік. Өкінішке қарай, олай болмай шықты. Бұған дейін өңірдегі үш апаттық мектептің орнына заманауи оқу ордалары салынған еді. Алайда таяуда Аққулы ауданы Ямышев ауылдық округіне қарасты Тілектес ауылындағы Тілектес жалпы орта білім беру мектебі  де  апатты жағдайда деп танылды.  12 наурызы күні жария етілген техникалық сараптама қорытындысында осылай деп жазылған. Ал төбесі майысып, сылақтары үгітіліп, қабырғалары құлауға шақ тұрған қамыстан салынған ескі мектепте оқушылар әлі де білім алуға мәжбүр. Себебі, жаңа оқу ордасының қабырғасы қашан қаланатыны әзірге белгісіз. Бұл жағдай ата-аналарды  алаңдатып отырған жайы бар.

Тілектес ауылындағы байырғы тұрғындардың айтуынша, қамыс мектеп 1972 жылы салынған. Әу баста көппәтерлі үй ретінде бой көтеріп, тың игеру кезеңінен кейінгі жылдары ауылдарды көркейтуге келген жұмысшыларға берілмек болған. Бірақ ғимарат бос тұрған соң сол кездегі тілектестік азаматтар мектеп ретінде пайдалануға сұрап алған көрінеді. Содан бері, яғни 52 жыл бойы білім ордасы болып келе жатқан мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Тек жыл сайын әктеу, әрлеу, сырлау сияқты ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жасалып келген. Ауылдағы ата-аналар бүгінде әбден тозығы жеткен, жылуы кеткен ескі мектептің жағдайы өте мүшкіл екенін айтып, дабыл қағуда. Солардың бірі – Тілектес ауылының тұрғыны Рымгүл Рахметова:

– Мектепте балалардың жайлы білім алуына мүмкіндік жоқ. Мұнда спорт залы, мәжіліс залы деген бұрын-соңды мүлдем болған емес. Дене шынықтыру пәні далада өтеді. Ауа райы қолайсыз күндері балалар тығылып сыныпта отырады. Мәжіліс залы болмағандықтан мектептегі мерекелік іс-шаралар тар дәлізде ұйымдастырылады. Асхана да аядай ғана, тап-тар. Артық сыныптың жоқтығынан қосымша сабақтар мен үйірмелер де өткізілмейді. Қыс болса, балаларымыз тоңып шығады. Тіпті, аязды күндері сырт киіммен отыратын сәттер де болып тұрады. Бұл дегеніңіз сұмдық қой. Оқушыларға осылай обалдық жасауға бола ма?! Бұрын бұл жағдайды тиісті мекемелерге жеткізейік дегенде, «Айтсаңыздар, мектепті жауып тастайды, балаларың басқа ауылда оқиды» деп қорқытатын. Бұдан кейін шарасыздан үнсіз жүрдік. Енді қазір «Жаңа Қазақстан» деп жар салып жатқан тұста балаларымызға жайлы жағдай, жаңа мектеп керек деп қайтадан мәселе көтеруге мәжбүрміз. Себебі, білім ордасы жылдан-жылға тозып, жағдайы нашарлап барады. Сол үшін ауылымызға жаңа мектеп салынуы тиіс, – дейді.

Жалпы, ауыл мектебінің ахуалы ауыр екенін айтып, алаңдаушылық танытқан тұрғындар аз емес. Бізге пікір білдірген тілектестік азаматтың бірі Еділбек
Малдыбаев
:

– Мектептің төбесі құлайын деп майысып тұр. Қабырғалары да керіліп кеткен. Сылақтары жыл сайын үгітіліп түсіп жатыр. Мен бір жылдары осында шаруашылық жөніндегі меңгеруші (завхоз) болып жұмыс істедім. Сол кезде шатырдың іші қарға толып, қыс бойы төбе қырауланып тұратын. Қазіргі жағдайы бұдан да қиын болып кетті. Осы мектепті үлкен балаларым бітірді, ал қалған 3 балам әлі оқып жүр. Олардың қауіпсіздігі үшін де, денсаулығы үшін де қорқамын. Мектептің төбесі кез келген уақытта опырылуы мүмкін. Қыстыгүні іші салқындап кетеді. Іргесінен аңқылдап суық жел үрлеп тұрады. Осы көріністің бәрін арнайы келген сараптама комиссиясы көзімен көріп кетті. Енді бізге шұғыл түрде жаңа мектеп қажет, – дейді.

Сондай-ақ, ол шамамен 4-5 жыл бұрын бұл ауылда осы мәселе төңірегінде арнайы жиналыс өтіп, сол кездегі басшы-қосшылар 2024 жылы жаңа білім ордасы салынады деп айтқанын жеткізді. Бірақ кейін, яғни 2022 жылдың жазында мектеп ғимаратына техникалық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, нысан пайдалануға жарамды екені және күрделі жөндеуді талап ететіні жөнінде қорытынды шыққан. Сөйтіп, содан бері білім беру мекемесінің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, биыл ғана күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданады. Бұл мақсатқа бюджеттен 150 млн теңге көлемінде қаражат та қарастырылады. Тіпті, конкурстық рәсімдер өтіп, мердігер де анықталып қойған. Алайда, аяқ астынан жоспар өзгеріске ұшырады.

– Ата-аналар күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қарсылық танытып, Мемлекет басшысына, Сенат депутаттарына жаңа мектеп салу туралы өтініштерін білдірді. Бұл жағдай қайталана берген соң біз осы жылдың ақпан айында екінші мәрте техникалық сараптама жасаттық. Оның қорытындысы бойынша мектеп апатты деп танылып, күрделі жөндеу жүргізуді қажет етпейтіні белгілі болды. Сондай-ақ, талап бойынша қамыстан салынған мектептер 40 жыл ғана пайдалануы тиіс екен. Ал бұл нысанның бой көтергеніне 52 жыл өткендіктен, ғимарат әбден ескірген, жарам-
сыз деген тұжырым жасалыпты, – дейді Аққулы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерсін Еркенов.

Тілектес жалпы орта білім беру мектебінің директоры Айнұр Бекбауова да мұндағы жағдай сын көтермейтінін айтады. Оның сөзіне қарағанда, білім ордасының ғимараты типтік үлгіде емес. Нысан оқушыларға тарлық етеді. Небары 8 оқу кабинеті болғандықтан мұндағы 52 шәкірт екі ауысымда білім алуда.

– Негізі, бұл білім ордасы шағын жинақты мектеп саналады. Барлық оқушы мемлекеттік тілде оқиды. Яғни, таза қазақ мектебі. Әрине, ғимарат ескірген. Шатыры тесік болғандықтан көктем айларында төбеден су сорғалайды. Қамыстан салынғандықтан қабырғалардың әбден ескіріп кеткені байқалады. Мектеп пайдалануға берілгелі бір рет те күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Десе де, балаларға жайлы жағдай жасау мақсатында есік-терезелерді ауыстырып, еденге линолеум төсеп қойдық. Оқу сыныптарынан бөлек, медициналық, әдістемелік кабинеттер мен шағын мұражай және кітапхана бар. Мектептің материалдық жағдайы орташа. Сонымен қатар, компьютер сыныбы, интерактивті тақта және қажетті жиһаздар бар. Интернет желісі жұмыс істеп тұр. Қуантарлығы, балалардың білім көрсеткіші жақсы, әсіресе, спорт залымыз болмаса да облыс деңгейіндегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері бар. Сондай-ақ, пән олимпиадасы, түрлі оқулар мен шығармашылық байқаулардан орын иеленіп жүрген алғыр оқушыларымыз аз емес. Солармен мақтанамыз. Осындай талапты да талантты балаларға жаңа мектеп керек, – дейді Айнұр Бәритқызы.

Сонымен, техникалық сараптама нәтижесі бойынша бұл мектеп апатты деп аталғанымен, мәселе қашан оң шешімін табатыны беймәлім. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерсін Еркенов аталған жағдай жөнінде жоғары жақтағылар шешім шығаратынын айтады. Ал бұл іске жауапты облыстық білім беру басқармасына бірнеше мәрте хабарласқанымызбен, жарытып жауап ала алмадық. Яғни, өңірдің бас ұстазымен тілдесу мүлдем мүмкін болмады.

Қандай жағдай болмасын балалардың мектепсіз қалмай-тынын айтқан Ямышев ауылдық округінің әкімі Бақытжамал
Рахметова
жақсылықтан үміт үзбеу керектігін алға тартады.

– Аталған мәселе шешіледі деп сенемін. Себебі, осы жағдаймен депутаттар да жақсы таныс. Жақында халықпен жиналыс өткізіп кетті. Мәселе көтерілді. Сараптама комиссиясының да нақты қорытындысы шықты. Сондықтан тұрғындарға сабыр сақтап, әліптің артын бағайық дегім келеді, – дейді.

Оның айтуынша, Тілектес ауылы жылдан-жылға үлкейіп, көркейіп келеді. Қазіргі күні мұнда 63 отбасы, 300-ге тарта тұрғын бар. Жыл сайын бұл елді мекенге алыс-жақыннан қоныс аударушылар қатары да артуда. Округ әкімі сондай-ақ, соңғы уақытта Тілектес ауылын дамытуға бағытталған көп жұмыс қолға алынып жатқанын да атап өтті.

– Бұл ауылдың болашағы зор. Жоғарыда айтып кеткенімдей, ел іргесі кеңейіп келеді. Балалар да көбеюде. Тұрғындар игілігі үшін кіреберіс пен мектепке дейінгі жолдарға асфальт төселді. Футбол алаңы мен балалар алаңы салынды. Биыл жаңа медициналық пункт бой көтеруі мүмкін. Қазір елді мекенде жұмыссыз адамдар жоқ. Қысқасы, осындағы халықтың жайлы тұрмыс кешуі үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде, – дейді Бақытжамал Қабиденқызы.

 

* * *

«Бәрін айт та, бірін айт!» демекші, апаттық жағдайда тұрған ауыл мектебінің мәселесі қашан және қалай шешіледі? Баласының қауіпсіздігі үшін алаңдаған ата-аналардың талап-тілегі орындала ма? Көкейде сұрақ көп… Көпті толғандырған бұл мәселені шешу «сырмақ шетінде» отырған азаматтарға сын! Бастысы, егемен ел ертеңі болар жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барынша лайықты жағдай жасалса екен дейміз.

Нұржайна ШОДЫР.