«Жастардан болашақта кім боласың?» деген сұраққа бүгінде бұрынғыша «бастық боламын», «заңгер, есепші, қаржыгер болғым келеді» деген жауап алмайсыз. Қазіргі буын нарықта сұранысқа ие маман атануға асық. Ұлдар арасында IT-маманы бүгінде трендке айналғандай. Олай болуының да жөні бар. Себебі, еңбек нарығында бұл саланың білгірлеріне сұраныс артып келеді. Цифрландыру дәуірінде мұндай үрдістің үдей түсуі де – заңды. Бәрі жаппай бұл мамандыққа бет бұрғанымен, уақыт өте келе ең мықтылары іріктеліп, саланы ілгерілетуге үлес қосары сөзсіз.

Елімізде соңғы бес жылдықта аталмыш сала мамандарына сұраныстың күрт өскені байқалады. Сауатты әрі мамандығын жіті білетіндерді іздеушілер көбейген. Кейбір деректерге сүйенсек, 2021 жылы IT саласындағы бос жұмыс орындарының саны елу пайызға, 2022 жылы 57 пайызға өсіпті. Осы үрдісті ескеріп, елімізде құрылған Цифрлық даму министрлігі отандық IT бағытын барынша дамытуға ден қойды. 2021-2023 жылдарға 7,5 млрд теңге бөлген.

Цифрландыру үрдісінің қарқынын ескеріп, Мемлекет басшысы да осыдан төрт жыл бұрын 2025 жылға дейін жоғары білікті 100 мың IT-маман дайындауды міндеттеген болатын. Осыған орай, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірқатар жобаларды қолға алды. Солардың ішінде өңірлерде мамандар даярлайтын IT-мектептердің ашылғанын айта кету керек. Мұндай IT-мектеп аймағымызда Торайғыров универ-ситеті базасында ашылды. Яғни, құзырлы министрлік, облыс әкімдігі және ERG энергетикалық корпорациясының қолдауымен жұмысын екі жылдан астам уақыт бұрын бастаған.

Аймағымызда құрылған «IT – School Павлодар» ЖШС директоры Сұңғат Балташтың айтуынша, мектепте түрлі жас шамасындағы азаматтар білім алады.

– Қысқа мерзімді – екі айлық және ұзақ мерзімді – 6 айдан астам уақыт оқитын курстарымыз бар. Мұнда келуші нақты бір курсты таңдап, сол бойынша білім алады. Мәселен, сайт әзірлеуді үйренгісі келген азаматқа түрлі мақсаттағы сайтты қалай жасау қажеттігін толық түсіндіреміз. Python-мен бағдарламалау курсында студенттер бағдарламалаудың негізін меңгереді. Blender бағдарламасында 3d модельдеу курсында үш өлшемді форматта модельдер жасаудың қыр-
сырын үйретеміз. Тұрақты немесе анимациямен модельдеуді меңгереді, – дейді Сұңғат Бейсенбайұлы.

Сонымен қатар, Photoshop негіздері атты курста екі өлшемді кеңістікте графикамен жұмыс істеудің тәсілдері түсіндіріледі. Яғни, студент картиналар мен суреттерді редакциялауды меңгереді. Демек, бұл курсты толық өтіп, тереңінен түсінген түлек дизайнер болып жұмыс істеуге дайын дей беріңіз. SMM-маманы атануға келушілер де аз емес көрінеді. Олар медиакеңістікте контент құру, оны барынша кеңінен таратудың тетіктерін үйренеді.

– Компьютерлік сауаттылық курсымыз бар. Бұл егде жастағы немесе орта жастағы азаматтарға арналған. Олар дербес компьютерді қолдануды, Microsoft Office пакет-терімен жұмыс істеуді және Egov.kz.-те қажетті қызметті мүдірмей алуды үйренеді, – дейді IT-мектептің директоры.

Пандемия кезінде құжаттарды онлайн алу қызметі белең алғанын білесіздер. Сол шақта егде жастағылар көп қиналып қалғаны да жасырын емес. Міне, сол олқылықтың орнын толтыруға курста көңіл бөлінеді. Айта кету керек, IT-мектепті бітіргендерге Торайғыров университетінің мөрі мен ректорының қолы қойылған арнайы сертификат табысталады. Курс түлектері алған білімімен игерген бағыты бойынша ақпараттық технологиялар мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мансабын бастай алады.

–  Біздің түлектеріміздің көбі – университеттер мен мектептердің оқытушылары, ақпараттық технологиялар орталығының қызметкерлері, жоғары оқу орнының студенттері, оқушылар. Мәселен, бізде СММ курсын өткен оқытушы бүгінде өзі еңбек ететін университетте студенттерге осы бағытты оқытумен айналысуда. Біз кез келген бағыттың негізін үйретіп қана қоймай, оларға тәжірибесін қатар береміз. Сонда олардың жаңа салада нағыз маман атануына жол ашады, – дейді С.Балташ.

Курсты бітіргендер арасында негізгі қызметімен қатар жаңа бағытты алып жүргендер көп көрінеді. IT-мектептің курстарын аймағымыздың кез келген азаматы оқи алады. Әрине, ақылы түрде. Мұндағы екі айлық немесе алты айлық курстардың құны 25-40 мың теңге шамасында. Мектеп директоры нарықтағы курстардың бағасынан әлдеқайда арзан екенін айтады. Одан бөлек, мемлекеттік тапсырыс негізінде мекемелердің қызметкерлерін де оқытады. Мәселен, ақпараттық технологиялар орталығының 80 қызметкері аталмыш мектепте білімдерін жетілдіріпті.

2022 жылы курсты тәмәм-даған түлектердің бірі Диана Шокуова жаңаша білімнің нәти-жесінде қызметте өскенін айтады.

– Бұрын Торайғыров универ-ситетінде халықаралық қатынастар бөлімінде қатардағы қызметкер болып жұмыс істеп жүрдім. IT-мектепте СММ мамандығын тегін оқытатынын естіп, курсты оқып алуды ұйғардым. Инстаграм әлеуметтік желісінде бұрыннан белсенді едім. Сол белсенділігімді пайдалы бағытқа бұруға осы курс ықпал етті. Парақшамды сауатты жүргізе бастауым университет басшылығы тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, білім ордамыздың маркетинг бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалдым. Бүгінде бірнеше жұмыс парақшасын жүргізіп, университеттің қызметін тұтынушыларға тартымды етуге тырысып жүрген жайым бар. Қазіргі бәсекеге толы нарықта қолда барды дұрыс көрсете білу, сауатты жеткізе білудің қаншалықты маңызды екенін әркім түсінгені
жөн, – дейді IT-мектептің түлек-терінің бірі Диана Құрманғалиқызы.

Қазіргі таңда павлодарлық IT-мектепте 40-қа жуық студент білім алуда. Олар аптасына 2-3 рет оффлайн оқуға келіп, білікті мамандардан дәріс алады. Бір топқа он адамнан артық алмайды. Яғни, аз адаммен курстың сапалы болуына мән береді. Аталмыш мектеп ашылғаннан бері 400-ден астам маманды оқытқан.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.