бірліктік балалардың арманы орындалмақ

Осыдан екі ай бұрын облыс орталығына тиіп тұрған Павлодар ауданына қарасты Бірлік елді мекенінде мектептің атымен жоқ екенін және мұндағы 100-ге жуық оқушының көрші ауылдағы білім ордасына сабылып жүргені жөнінде газетімізде мәселе көтерген едік. Қуантарлығы, алдағы бір-екі жылдың ішінде көптен бері күрмеуі шешілмеген бұл мәселенің түйіні тарқатылмақ.

Жақында аймақ басшысы Асайын Байханов аталмыш елді мекенге арнайы барып, тұрғындарымен кездесті. Мұндағы ел-жұртты толғандырған басты мәселе – мектептің жоқтығы. Ауылдықтар 94 бала қатарынан қалмай білім алуы үшін күн сайын 5 шақырым қашықтықта орналасқан көршілес Заря ауылындағы Заря жалпы орта білім беру мектебіне баратынын айтып, әкімнен жаңа мектеп салуға көмек қолын созуын сұрады. Ең қиыны, елді мекенде білім ордасы болмағандықтан оқушылардың сабақтан тыс уақы-тында қосымша үйірмелер мен секцияларға қатысуына да еш мүмкіндігі жоқ. Яғни, бос уақыт-тарын тиімді өткізе алмайды. Оның үстіне жыл сайын Бірлік ауылына көшіп келушілер қатары артып, бала саны да көбеюде. Аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, Бірлік ауылында жылына орта есеппен 6 сәби дүниеге келеді. Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде мұндағы тұрғындар саны 400-ге жуықтап қалған.

Қазіргі уақытта Бірлік ауылында мемлекеттік тілде білім беретін шағын орталық қана жұмыс істегенімен, оның да ғимараты таршылық етуде. Себебі, аумағы бір жер үйдің көлеміндей ғана мектепке дейінгі мекемеде 24 балғын тәрбиеленуде. Тұрғындар осында жаңа мектеп құрылысы қолға алынса, шағын орталық та үлкейіп, бұдан да көп бүлдіршінді қабылдауға мүмкіндік туатынын айтады.

Ауылдықтардың мұң-мұқтажына құлақ түрген облыс әкімі алдағы уақытта бұл елді мекенде жаңа мектеп салуға қолдау көрсететінін жеткізді.

– Осы ауылға жаңа мектеп салу керек деген өтініштеріңіз өте орынды. Оны қолдаймын. Туып-өскен ауылында балалардың оқуына, шығармашылықпен және спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы тиіс. Сонымен қатар, мектеп жанынан шағын орталық ашу ауылдың барлық баласын мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етуге және бұрынғы ауылдық клуб ғимаратын босатуға мүмкіндік береді. Оны болашақта мақсатына сай пайдалануға болады, – деп атап өтті Асайын Байханов кездесу барысында.

Облыс әкімі, сондай-ақ, Заря мектебіне түсетін жүктемені едәуір төмендетіп, мектеп жасына дейінгі балаларды оқытуға қосымша орын бере отырып, сол жерде шағын орталық ашылатынын да алға тартты.

– Бірақ жаңа мектеп салу жылдам бітетін процесс еместігін бірден ескертемін. Осы жылға арналған бюджет бекітілді, міндеттер айқындалды. Бүгін сіздерге мектеп саламыз деп уәде бергеніммен, біз оны осы жылы бастамаймыз. 2025 жылға қажетті қаражатты қарастыру үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, жер учаскесін бөлу және басқа да барлық қажетті мәселелерді пысықтауды қолға аламыз, – деді Асайын Байханов.

Сонымен, амандық болса, алдағы бір-екі жылдың ішінде Бірлік ауылында жаңа мектеп бой көтермек. Демек, ауылдық оқушылардың арманы орындалар күн алыс емес.

Н.АҚЫТЕГІ,

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.