Жас ұрпақтың бойына жастайынан ізгілік, мейрім-ділік, қайырымдылық, адамгершілік сияқты құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады. Осы бағытта жуырда Ақсу қаласының Абай атындағы жалпы орта мектебінде республикалық семинар-практикум өтті.

Бұл шара Ақсу қаласы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жұмыс жоспарына сай ұйымдастырылды. Қатысушылар білім беру үрдісін жетілдіру арқылы өскелең ұрпақтың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселелерін сөз етті.

Семинар барысында мектебіміздің жоғары білікті мамандары, яғни педагог-шебер мен педагог-зерттеушілер шеберлік сағаттар мен тренингтер, ашық сабақтар ұйымдастырды. Семинарға 100-ге жуық маман қатысты. Кейбір қатысушылар еліміздің облыс-облыстарынан телекөпір арқылы байланысқа шықты. Олардың қатарында Алматы облысы бойынша КДИ «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасы аға оқытушысы кафедра меңгерушісі, PhD докторы Меруерт Кенжеғұлқызы Бисенбаева, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі мұғалімдері, Астана қаласы әкімдігінің Жамбыл Жабаев атындағы 4 мектеп-гимназия мұғалімдері, «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының аға менеджері, философия ғылымдарының кандидаты, Мәскеу қаласы Ресей ғылым академиясының INION информатика мәселелерін зерттеу орталығының жетекшісі Юрий Чёрный болды. Сондай-ақ облысымыздан Май, Железин, Тереңкөл аудандарынан және Ақсу өңірінің мектептерінен мектеп басшысының оқу ісінің, тәрбие жөніндегі орынбасарлары мен пән мұғалімдері қатысты.

Мектеп фойесінде көркем еңбек мұғалімдерінің атқарған істері бойынша көрме ұйымдастырылды. Семинар барысында 13 шеберлік сағаты мен тренинг, 8 ашық сабақ өткізілді. Мұғалімдер өз тәжірибесін ортаға салды. Астана қаласынан келген әріптесіміз Аршагүл Олжаханқызы Шалабаева арнайы коучинг ұйымдастырды.

Мектебіміздің келесі мықты мұғалімдері үздік ашық сабақтар шеруін ұйымдастырып, пән мұғалімдеріне өз жұмысында пайдалана алатындай көптеген қызықты әдіс-тәсілдер арқылы білім үрдісін жетілдіру бойынша жұмыс түрін ұсынды. Семинар аясында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері Айгүл Рахметова «10-11-сыныптарда қазақ әдебиетін оқыту барысында туындаған мәселелер және оларды шешу жолдары» атты шеберлік сағатын,  Ибрагим Бегімхан Керімханұлы «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша оқу сауаттылығын дамыту» атты  тренинг өткізсе, Астана қаласынан келген әріптесіміз Аршагүл Шалабаева коучинг ұйымдастырды. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері Марал Жайықбаева мен Айнур Алиева 9-сыныпта Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш» өлеңін меңгерту бойынша, бастауыш сынып мұғалімі Жұлдыз  Бейсенбина 4-сыныпта «Қазақтың бас ақыны. Бала Абай», Мұхтар Әуезов тақырыбы бойынша, әдебиеттану пәні бойынша мұғалім Торғын Жүнісбекова 3-сынып оқушыларына арналған «Қош  келдің, Наурыз!» тақырыбы бойынша ашық сабақтар берді.

Семинар соңында ашық микрофон ұйымдастырылып, қатысушылар мен дәріс берушілер арасында пікір алмасу өтті. Сөйлеушілер іс-шараның тиімділігі мен мазмұнына, мұғалімдердің біліктіліктеріне жоғары баға берді.

 

Динара Рахманова,

Ақсу қаласының Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінің оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі.