Орта мектепті ойдағыдай бітіріп, оқу грантын иемденуді мақсат еткен қазақстандық талапкерлер бір жарым ай бойы білімдерін сын таразысына салған еді. Ертең, яғни 5 шілде күні елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) науқаны аяқталмақ. Атап өтерлігі, бүгінде түлектерге өз қалауы бойынша тест тапсыратын күнді таңдау құқығы беріліп, еркін киім үлгісіне де рұқсат етілген. Бұл жағдай жастардың өзін жайлы сезінуіне септігін тигізбек.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша биыл респуб-лика көлемінде 172 мыңнан астам түлек түлеп ұшып, оның 166 мыңы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Ал аймағымызда алтын ұя мектебімен қоштасқан 4024 талапкердің 3 474-і тестілеуге қатысып, бақ сынауда.

Қуантарлығы, осы жылы мемлекеттік тілде ҰБТ тапсыру­шылар саны артқан. Нақтырақ айтсақ, тест тапсырушылардың 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде және 243 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш берген. Ұлттық тестілеу орталығы өкілдерінің айтуынша, биылғы түлектердің көбі математика-физика бағытын таңдаған.

— Комбинацияға келетін болсақ, талапкерлердің басым бөлігі, яғни 18 пайызы – мате­матика-физика, 17 пайызы – билогия-химия, 13 пайызы – шығармашылық және 10 пайызы математика-информатиканы таңдады. Жылдағыдай ең аз таңдалатын комбинация химия-физика болып тұр. Оны тек 218 бала таңдаған, — дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев. Сондай-ақ, бүгінгі күнге дейін тест тапсырушылардың шамамен 80 пайызға жуығы шекті балл жинаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары екенін атап өткен жөн. Осы жылғы талапкерлердің орташа ұпай саны 69 балды құраған. Республика бойынша ең жоғары балл 137 болса, Павлодар облысында әзірге жоғары балл 134 болып отыр.

Өкінішке қарай, ағымдағы жылы да арам қулығын асырмақ болып, тәртіп бұзған талап­керлер кездескен. Мәселен, тестілеу басталғаннан бері еліміз бойынша смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болған 400-ге жуық түлектің әрекеті әшкереленіп, тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Сонымен қатар, тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін 273 адам аудиториядан шығарылып, олардың тест нәтижелері толығымен жойылған. Мұндай оқиға облысымызда да орын алған. Павлодар қаласындағы ҰБТ орталығы филиалының жетекшісі Сәния Ниязованың айтуынша, бүгінгі күнге дейін тыйым салынған заттарды алып кірмек болған 4 талапкер тестілеуден шеттетілген. Сондай-ақ, ҰБТ ережесін бұзған 16 павлодарлық түлектің нәтижесі жарамсыз деп танылған.

Бір қызығы, бұған дейінгі жылдары талапкердің орнына басқа адамның тест тапсыруға кіргені жайлы жағымсыз жаңалықтар жария болатын. Биыл мұндай деректер тіркелмеген. Бірақ ҰБТ аяқталғаннан кейін бірнеше ай бойы, яғни 2023 жылдың 31 қазанына дейін барлық талапкердің тестілеу сәтіндегі бейнежазбасы мұқият тексеріліп, талдау жүргізілмек. Егер қандайда бір тәртіп бұзушылық анықталса, сол адамның ҰБТ нәтижесі жойы­лады. Грант ұтып алса, ол кері қайтарылады, дейді тестілеу орталығының мамандары.

Қазіргі таңда екі мәрте тестілеуден өткен талапкерлердің алды білім гранты конкурсына қатысу үшін қабылдау комис­сиясына құжаттарын тапсы­руда. Алайда оларды мазалаған сұрақтар да баршылық. Осы мәселе бойынша пікір білдірген Руслан Емелбаев:

— Тестті екі рет тапсырып, балдарын біліп отырған балалар грант конкурсы бойынша сұрақтар қоя бастады. Ең жиі қойылатын сұрақ: Грант ұтып алу үшін қанша балл жинау керек? Грантқа шекті балл деген болмайды және барлығы конкурсқа байланысты екендігін атап айтамын. Бірақ кем дегенде бағдар болу үшін оқуға түсушілер былтырғы нәтижелермен таныса алады. Мәселен, 2022 жылы «Стома­тология» бойынша бір грантқа 25 үміткер болған, ал грант ұтып алғандардың орташа көрсеткіші 134 балды құрады, — деді. Сондай-ақ, ол грант тағайындауда әр жоғары оқу орнының өз талабы бар екенін де атап өтті.

— Мысалы, бір түлек матема­тика пәнінің мұғалімі болғысы келеді деп алайық. Ол ҰБТ-да жинаған 80 балымен грант конкурсына немесе ЕҰУ-дың ақылы бөліміне тапсырғысы келеді. Сіздер білетіндей, «Педагогика ғылымдарына» шекті балл – кемінде 75 балл, ал ұлттық жоғары оқу орын­дарына – кемінде 65 балл. Түлектің жинаған балы оқуға қабылдау үшін жетіп тұр. Бірақ бұл университеттегі оның оқығысы келетін мамандыққа шекті балл 90-нан басталады. Демек, түлекке 80-нен төмен шекті балдары бар басқа университетті іздеуі керек.

Сондықтан оқуға құжаттарды тапсырар алдында талапкерлер жоғары оқу орындарының шекті балдарын білуі тиіс, — деп ескертті Ұлттық тестілеу орталығының директоры. Аталмыш орталық өкілдері талапкерлерге ыңғайлы болу үшін жыл сайын еліміздің барлық жоғары оқу орнының шекті балдарын ортақ тізімде ұсынып отырғанын, бұл мәліметті білім ордаларының веб-сайттарынан көруге болатынын айтады.

Осылайша, тура бір тәуліктен кейін біреуді қуантқан, енді біреуді жылатқан тестілеу шарасы өз мәресіне жетпек. Ал 7 шілдеге дейін жоғары оқу орындары шығармашылық емтиханға қатысушылардан өтініш қабылдап, 8-15 шілде аралығында емтихандарды өткізетін болады. Грант конкур­сына құжаттарды қабылдау шарасы 13-20 шілде аралығында жүзеге асырылады. Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияла­нады деп жоспарлануда. Бұдан кейін, яғни 25 тамызға дейін грант ұтып алған жастар үшін жоғары оқу орындарына құжат тапсыру науқаны жалғаспақ.

Сонымен, осы жылғы түлектердің тестілеудегі нәтижесі көңіл көншіте ме? Бұл жөнінде санаулы күндерден кейін білетін боламыз.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Биыл негізгі ҰБТ 18 мамырда басталып, 5 шілдеде аяқталады;

                                                         * * *

166 мың талапкердің 75 пайызы қазақ тілінде тест тапсырады;

                                                         * * *

Павлодарлық түлектердің 80 пайыздан астамы тестілеуге қатысуда;

                                                         * * *

Осы жылы 88 мың грант бөлінді. Оның 73 мыңы бакалавриатқа берілді;

 

Фарида НҰРҒИСА, мамандандырылған «Жас дарын» мектеп-лицейінің түлегі:

— Мен IT саласын таңдадым. Тестілеу тапсырмалары соншалықты қиын болған жоқ. Негізгі сұрақтардың басым бөлігі орта мектеп бағдарламасынан алынған деп айтуға болады. Бір өкініштісі, информатика жаңа пән болғандықтан ба, оның сұрақтары орыс тілінен тура әрі қате аударылып, құрастырылғаны байқалды. Болашақта осындай олқылықтардың орны толса екен деймін.

Айгерім ҚОНЫСБЕКОВА, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның түлегі:

— Мен үшін тестілеудің екінші кезеңі сәл күрделірек болды. Бұл жолы логикалық тапсырмалар көп кездесті. Яғни, сұрақтарды бірнеше рет оқып, ойланып отырып жауап беруге тура келді. Бәлкім, солай болғаны дұрыс та шығар. Себебі, кейбіреулер бұрынғы тест сұрақтарын жаттап алып жатады. Ал ойландыратын тапсырмалар арқылы адамның білім деңгейі мен қабілеті бірден анықталатыны сөзсіз. Демек, грант нағыз иесін табады деп сенемін!

Нұржайна Шодыр.